Олигархтар мемлекетке өткізген зергерлік бұйымдар аукцион арқылы тағы да сатылады. Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания аукицонға бұл жолы бренд сөмке, сағаттар, коллекциялық монеталарды қоса алғанда 19 зергерлік бұйым қойылатынын хабарлады.
Алмаз,сапфир, гауһар тастармен безендірілген сырға мен сақина қанша тұрады?
Компания 4 бірдей зергерлік әшекей бұйым топтамаларын аукционға шығармақшы. Солардың ішіндегі ең қымбаты алмаздан жасалған 2 сырға, тізбектегі кулон және 2 сақинадан тұратын зергерлік бұйымдар жиынтығы. Оның жалпы құны 85 млн 520 мың теңгеге бағаланған. Айта кетейік, бұл топтама осыған дейін де аукционға қойылған болатын, алайда сатып алушы әлі табылмады.
Алмаз және сапфирмен безендірілген сырға мен сақина бұйымының да бағасы арзан емес. Бастапқы бағасы 5 102 458,00 теңге. Сынамасы 750 болатын ақ алтынның салмағы 19,65 грамм және 60 каратты гауһар тастармен көмкерілген.
Аукционға шығатын тағы бір зергерлік бұйым «DAMIANI» маркалы сақина мен екі сырға. Гауһар тастармен көмкерілген алтын сақинаның салмағы 22,75 грамм. Қос сырғасы да гауһар тастармен көмкерілген, оның жалпы салмағы 39,65 грамм болады.
Қайтарылған активтің бірі «Женева» сырға жиынтығы да аукционға шықпақшы. Салмағы 52,03 грамм болатын әшекейдің құны 2 млн тұрады.
Аукционға шығатын әшекейлердің ішінде ең арзаны «Чалма» деп аталатын алтын сақина. Оның бастапқы бағасы 1 млн 365 мың теңге.
Мемлекет меншігіне қайтқан 214 миллиондық қол сағат әлі сатылмады
Компания мемлекет меншігіне қайтқан қымбат қол сағаттарды да әдеттегідей аукцион арқылы сатуды көздеп отыр. Бұл жолы сауда-саттықа 8 бірдей бренд сағат шығарылмақшы.
Қол сағаттар ішіндегі ең қымбаты осыған дейін де аукционға шығарылған, алайда сатылмаған «Ulysse Nardin classico 789-80» қол сағаты. Әлемде шектеулі данамен шығатын бұл сағаттың құны сол бұрынғыша 214 млн 453 мың теңгемен сатылмақшы.
29,2 миллиондық «Frank Muller Geneve» және «Ulysse Nardin Archive Freak Cruiser» қол сағаттары да әлі өз иесін таппады. Бұл аксесуарлар да тағы аукционға шығады. 10 миллиондық «Breguet 882U №3271» қол сағаты да қайталама аукциоға шығып отыр.
Құны 15 миллионнан асатын «Breguet 3099 BE» маркасы, 7,8 млн болатын «Breguet №5134», 4,6 млн тұратын «Breguet 2846» және 3,6 миллиондық
«Ulysse Nardin Maxi Marine Chronometr 41 mm» қол сағаттары аукционға шығарылатын жаңа бұйымдар тізімін толықтырды.
Олигархтар қайтарған коллекциялық монеталар…
Мемлекет меншігіне біршама коллекциялық монеталар да өткен. Бес бірдей коллекциялық монетаның құны да салмақты. Мәселен, 2 дана «Olympic Games» монетасының жалпы құны 690 мың теңге болады. Одан кейінгі орында «Восточный календарь» коллекциялық монетасы,бастапқы бағасы: 345 мың деп бағаланған. «Шыңғыс-хан» монетсының 2 данасы 219 мыңнан асады. Zhalaulinskiy Treasure» (2 дана), «Барыс» (1 дана) монеталары аукционда 158 мың теңгемен саудаланбақ. Бата» (1 дана), «Беташар» (1 дана) және «Сүйіндір» (4 дана) монеталарының да бастапқы бағасы151 мың теңгеден басталады.
«Louis Vuitton Paris» сөмкесінің құны қанша?
Сондай-ақ сауда-саттыққа «Louis Vuitton Paris» әйелдер сөмкесі де қойылмақшы. Оның құны 229 мыңнан асып жығылады.
Порталда сауда-саттыққа қатысу e-qazyna.kz барлық тіркелген жеке және заңды тұлғалар болуы мүмкін. Аукцион 22 қаңтарда сағат 10.00-де e-qazyna веб-порталында өтеді.