Жоғарғы Сот 613 млн теңге жымқырған бухгалтердің жазасын жеңілдетті
Жоғарғы Сот жұмыс берушісінен 613 млн теңгеден астам ақша жымқырды деп айыпталған бухгалтер А. Шигабутдинованың ісін қайта қарап, жазасын жеңілдетті.
Бастапқыда сот оны сеніп тапсырылған қаражатты ысырап ету туралы бап бойынша кінәлі деп танып, (189-бап, ҚК 2-тармағының 4-бөлігі) 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайды. Алайда іс материалдарын зерттегеннен кейін, үкім қайта қаралды.
«Шигабутдинова ЖШС бухгалтері бола тұра, басшылық ұсынған «Банк-Клиент» бағдарламасына рұқсаты бола отырып, ЖШС шотынан екі жеке кәсіпкердің есепшотына банк реквизиттерінде оның және ағасының шотының нөмірін көрсете отырып, 613 миллион теңгеден астам қаражат аударғаны анықталды»,- деп хабарлады ҚР Жоғарғы Соты.
Жоғарғы Сот Шигабутдинованың кінәсі жиналған айғақтармен дәлелденгенін атап өтті. Сондай-ақ оның әрекеті дұрыс сараланбағаны да іс материалын қарау барысында анықталды. Бұдан бөлек, Шигабутдинованың қаржылық құжаттарға қол қоюға және ЖШС қаражатын өз атынан басқаруға құқығы жоқ болып шықты.
Ол тек ЖШС директорына берілген ЭСҚ кілті арқылы қаржылық құжаттарға қол қойған. Осылайша оның шоттарына ақша аударып, қалтасына басып келген.
«Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Шигабутдинованың әрекеті Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігінің 2) тармағымен қайта сараланып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды»,- делінген хабарламада.
Айта кетейік, осыған дейін де бухгалтерлердің қатысуымен елімізде бірнеше қылмыстық іс тіркелген болатын. Мәселен, Антикор Алматыдағы тағы бір емхана бухгалтерлерінің қылмысын әшкереледі. Есепшілер бюджеттің 341 млн теңгесін қалтаға басқан.
Ақмола облысының білім беру саласының бухгалтерлері де 83 млн теңге жымқырды деп күдікке ілінген болатын.