2025 жылы 2 млн га жер мемлекетке қайтарылады
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті 2025 жылы 2 млн га пайдаланылмай жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтаруды жоспарлап отыр. Бұл мәселе жөнінде қажетті шаралар қабылдау қарастырылмақ.
2022 жылдан бастап 2023 жылдың алғашқы тоқсанына дейін елімізде 6,1 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды. Ол жерлердің игерілмей жатқаны анықталған. Сондай-ақ кейбірі заңсыз берілген. 2023 жылдың аяғына қарай иелері бұрын пайдаланылмай келген 3,4 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге мәжбүр болды. Пайдаланылмай жатқан жерлер Қазғарыштың жер серіктік мониторингі арқылы анықталған еді.
Сонымен қатар, басты бағыттар бойынша басқа да жұмыстар қолға алынбақ. Айталық, оның ішінде көміртекті егіншілікті дамытудың жол картасы әзірленіп, бекітіледі. Бұл мәселе жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан астанасы Бакуде өткен халықаралық Климаттық саммит кезінде бастама көтерген еді.
«Бұл – климат өзгерісіне қарсы күрестегі және топырақтың құнарлылығын арттырудағы маңызды қадам. 2024-2030 жылдарға арналған топырақ құнарлылығын қалпына келтіру және арттыру жөніндегі жол картасын іске асыру жалғастырылатын болады», – делінген Жер ресурстарын басқару комитетінің хабарламасында.
Комитеттің дерегінше, құжат 2024 жылы бекітілген. Аталған комитеттің төрағасы Мұрат Теміржанов биыл жердің тозуына қарсы күреске басымдық берілетінін, жол картасын іске асыру бойынша өңірлік іс-қимыл жоспары бекітілетінін мәлімдеді.
Жер ресурстарын басқару комитеті заңнамалық базаны жетілдіруді көздеп отыр. Мүдделі мемлекеттік органдармен бірелесе отырып, Парламентте қаралып жатқан «топырақты қорғау туралы» заң жобасын жақсартуға қатысты шаралар жасамақ. Бұл – заң топырақтың құнарлығын сақтап, қорғау мәселелерін реттейтін басты құжат.
2024 жылы қаңтар айының соңында Үкімет сенаторлардың «Топырақты қорғау туралы» заң жобасын және құнарлы жерлерді сақтау мен қалпына келтірудің ұзақ мерзімді ғылыми мақсатты бағдарламасын әзірлеу туралы бастамасын қолдады. Құжатта ауыл шаруашылығы алқаптары мен жайылымдарды қоршаған ортаның бір бөлігі ретінде қорғауға бағытталған негізгі стандарттар белгіленеді.