Nvidia және AMD акциялары төмендеді: Байден чип экспортына шектеу қоймақ

Жарияланды
Nvidia және AMD акциялары төмендеді/Reuters/Aly Song/File Photo

8 қаңтардағы кеңейтілген сауда-саттықта чип нарығының қос алыбы – Nvidia және AMD акциялары төмендеді. Бұған АҚШ президенті Джо Байденнің жасанды интеллект чиптерін экспорттауды шектеу туралы ескертуі себеп болды. Ол технологиялардың үшінші елдер арқылы Қытай мен Ресейге жетпегенін қалайды.

Сәрсенбі күні Nvidia акциялары 1,12%-ға төмендеп, 138,54 долларды құрады. Негізгі сессия алдыңғы күнмен салыстырғанда шамамен сол деңгейде аяқталды.
Постмаркетте AMD акциялары 0,72%-ға төмендеді. Бұл негізгі сауда-саттықтағы 4,3%-дық құлдырауға «үлесін» тигізді. Акция бағасы 120,96 долларға дейін кеміді.
«Ақ үй» АҚШ-тан жасанды интеллект чиптерінің экспортын шектейтін жаңа шараларды дайындап жатыр. Бұл шектеулер технологиялардың үшінші елдер арқылы Қытай мен Ресейге жетуіне тосқауыл қоюды көздейді. Жаңа ережелер 10 қаңтар, жұма күні енгізілуі мүмкін әрі ол үш деңгейлі шектеуден тұрады.

Nvidia компаниясы жаңа ережелерге қарсы пікір білдірді. Компанияның ресми мәлімдемесінде аяқ асты қабылданған мұндай ереже нарықтағы елеулі өзгерістерге алып келуі мүмкін екені ескертілген. «Бұл экономикалық өсімге және АҚШ-тың нарықтағы көшбасшылығына қауіп төндіреді», делінген мәлімдемеде.

Еске сала кетейік, Джо Байден әкімшілігі 2022 жылдан бері Қытай мен Ресейге озық технологиялардың экспортын біртіндеп шектеп келеді. Байденнің президенттік мерзімінің аяқталуына бірнеше күн қалғанда енгізілетін бұл шара Қытай мен Ресейдің технологиялық дамуын тежеу саясатының жалғасы болып саналады.

Сондай-ақ оқыңыз