Трамп Украина мәселесінде Путиннің дегеніне көнбейді – АҚШ президентінің өкілі
АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты реттеу мәселесінде Ресей президенті Владимир Путинге жеңілдік жасауды жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы 8 қаңтар күні Трамп әкімшілігінің Украина бойынша арнайы өкілі Кит Келлог мәлімдеді.
«Ол Путинге немесе ресейліктерге бірдеңе беруге тырысып жатқан жоқ екенін түсіну маңызды. Шын мәнінде, ол Украинаны және оның егемендігін сақтап қалғысы келеді», – деді Келлог Fox News телеарнасына берген сұхбатында.
Арнайы өкілдің айтуынша, Трамп соғысты «әділетті және адал» шарттарда реттеуге ұмтылады. Ол сайланған президент жақын арада қос тараппен келіссөздер арқылы қақтығысты шешудің жолын табатынына сенім білдірді.
Келлогтың айтуынша, АҚШ-тың кетіп бара жатқан президенті Джо Байденнің Украинадағы соғысты реттеу бойынша Ресей көшбасшысымен диалогтан бас тартуы – оның ең үлкен қателігі болған.
Дональд Трамп пен Владимир Путин арасындағы кездесудің нақты мерзімі туралы әлі ешкім, тіпті Трамптың өзі немесе оның айналасындағы адамдар да айтқан жоқ. Бірақ екі ел арасында Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату мәселесі бойынша қандай да бір байланыстар болатыны анық деп жазды Голос Америки басылымы.
Кейбір ақпарат құралдары Трамп пен Путиннің командалары арасында жарияланбаған келіссөздер жүріп жатқанын болжап отыр. Осыған байланысты Ресей билігінің арнайы ұшақтары АҚШ-қа ұшу рейстері келіссөз бар екенін көрсетуі мүмкін деген пікір айтылуда. Алайда екі тарап та бұл мәліметтерді жоққа шығарады.
Сонымен бірге Кит Келлог соғысты тоқтату мәселесі Трамптың «негізгі сыртқы саяси басымдығы» деп атады.