Трамп Гренландияға неге көз тікті, оның қандай маңызы бар?
Жақында АҚШ президенті ретінде ресми түрде қызметіне кірісетін Дональд Трамп экономикалық қауіпсіздік үшін Гренландия мен Панама каналын сатып алу туралы ойын жеткізді. Бұған аралға иелік ететін Дания өткір жауап қатып, Гренландияның АҚШ-қа өткеннен гөрі, тәуелсіз мемлекет атану ықтималдығы жоғары екенін мәлім етті.
Euronews.com АҚШ президентінің қызығушылығын тудырып отырған аралдың экономикалық, климаттық әрі геосаяси маңызы зор екенін жазды.
Басылым мәліметінше, Гренландия қойнауында телекоммуникация үшін қажетті құнды сирек кездесетін минералдар, уран, миллиардтаған игерілмеген мұнай мен қолжетімді бола бастаған табиғи газдың орасан зор қоры бар.
Қашықта жатқан, мұзбен көмкерілген және көп бөлігі табиғи қалпын сақтаған Гренландия күн сайын миллиардтаған адамға әсер ететін ауа райы мен ғаламшарда болып жатқан климаттық өзгерістерде үлкен рөл атқарады.
Огайо университетінің қауіпсіздік және экология профессоры Джефф Дабелконың айтуынша, Гренландия – климаттың өзгеруі, ресурстар тапшылығы, шиеленіскен геосаясат пен жаңа сауда жолдары түйіскен орын.
Гренландия неге соншалықты маңызды?
Нью-Йорк университетінің климатологы Дэвид Холландтың айтуынша, Гренландия – планетаның «термостаты» немесе «мұздатқышының есігі». Ал ол орналасқан аймақ жердің басқа бөліктеріне қарағанда төрт есе жылдам жылып жатыр.
Гренландияның қойнауында телекоммуникацияға қажет сирек кездесетін минералдар, уран, миллиардтаған баррель мұнай және табиғи газдың мол қоры бар. Бұл ресурстардың көпшілігі қазір негізінен Қытайға экспортталады. Сондықтан АҚШ секілді басқа елдер де Гренландияға қызығушылық танытып отыр. Үш жыл бұрын Дания үкіметі теңіздегі мұнай кен орындарын игеруді тоқтатқан.
Мұнай мен газдан басқа, Гренландияда мұздың орасан зор қоры бар. Егер аралдағы мұз толық ерісе, жаһандық мұхит деңгейі 7,4 метрге көтеріледі.
1992 жылдан бері Гренландия жыл сайын шамамен 182 миллиард тонна мұз жоғалтады, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 489 миллиард тоннаға жетті.
Ұлттық қар және мұз туралы деректер орталығының директоры Марк Серрезенің айтуынша, XXI ғасырда Гренландия «басты назарда» болады, себебі оның еріп жатқан мұз қабаты теңіз деңгейіне әсер етеді.
Геосаяси маңызы қандай?
Гренландияның көп бөлігі поляр шеңберінің ар жағында, АҚШ, Ресей және Еуропа арасында орналасқан. Бұл оның стратегиялық геосаяси құндылығын арттырып отыр.
Дэвид Холланд Гренландияны зерттеу барысында ондаған рет болғанын айтады.
«Бұл жердің сұлулығы таңдай қақтырады. Жартастардан мұздың алып бөлігі мұхитқа құлап, тамаша көрініс жасайды. Мұнда теңіз жануарлары, итбалықтар мен киттер мекендейді. Бұл жер адамды таңдандырмай қоймайды», – дейді ол.