Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Боранқұл ауылының әкімдігі«Бейнеу» полигонында жаттығулар өтетінін хабарлады, деп жазады Lada.kz.
Тұрғындарға қауіпсіздік мақсатында бұл аумақта 31 мамырға дейін болмау қатаң ескертілді.
«2024 жылдың 1 желтоқсанынан 2025 жылдың 31 мамырына дейін 99116 әскери бөліміне қарасты «Бейнеу» полигонында жоспарлы атыс жаттығулары және әскери техниканы қолданумен оқу-жаттығулар өтеді»делінген хабарламада.
Тұрғындарға төмендегідей қауіпсіздік шараларын сақтау ұсынылады:
- Полигон аумағына жергілікті тұрғындарға кіруге шектеу қою;
- Полигон аумағында мал жаюға тыйым салу;
- Полигон аумағында орналасқан жабдықтар, металл сынықтары, құрал-жабдықтар және басқа да заттарды алуға (ұрлауға) тыйым салу.
99116 әскери бөлімінің басшылығы жаттығу кезінде полигон аумағында ереже бұзу салдарынан адам мен жануарлардың өлімі тіркелсе, жауапкершілік арқаламайтынын ескертті. Сондай-ақ әкімдік тыйымды бұзғандардың барлығын 99116 әскери бөлімінің қызметкерлері ұстап, Бейнеу аудандық полиция бөліміне тапсыратынын хабарлады.