Ливанда екі жыл бос тұрған президент лауазымына жаңа адам келді

Жарияланды
Фото: AFP

Бейсенбі күні Ливан парламенті екінші турда ел президенті қызметіне армияның бас қолбасшысы Жозеф Аунды сайлады. Сарапшылар оның кандидатурасын ең ықтимал деп атаған болатын, өйткені ол Ливанның барлық дерлік саяси күштеріне, соның ішінде «Хезболлаға» да қолайлы адам, деп жазады ВВС.

Бірінші дауыс беру туры бірнеше сағат бұрын өткен, ол кезде Аун жеңіске қажетті 86 дауыс (128-ден) жинай алмай, тек 71 парламент мүшесінің қолдауына ие болды.

Турлар арасындағы үзілісте ливандық заң шығарушылар әртүрлі деңгейде белсенді консультациялар жүргізгені хабарланды. Ауынды қолдаушыларға, әсіресе, шиит депутаттарының қолдауын алу маңызды болды.

Ливан президентінің қызметі екі жылдан астам уақыт бойы бос тұрды. Көпжылдық экономикалық дағдарыс пен Израильмен жақында болған соғыстан әлсіреген ел үшін билік вакуумын толтыру қазіргі уақытта өте маңызды.

Ливанның күрделі қауымдық басқару жүйесінде президенттік қызметті дәстүрлі түрде маронит-христиан иеленуі керек.

Аунның кандидатурасын христиандық оңшыл-центристік «Марада» партиясының жетекшісі, Ливанның бұрынғы ішкі істер министрі, президенттікке үміткер болудан бас тартқан тәжірибелі саясаткер Сулейман Франжье де қолдады.

Иранға соққы

Сарапшылар бүгінгі сайлауды соңғы жылдардағы Ливан үшін ең маңызды саяси сынақ деп атайды.

ВВС қарулы күштер бас қолбасшысының президент болып сайлануын Иранның Ливандағы ықпалының әлсірегенін білдіретін белгі деп сипаттады.

Ливан армиясы елдегі ең беделді құрылымдардың бірі саналады, ал әскери адамның президенттік қызметті иеленуі Ливанның алдымен өз мүдделеріне қызмет етуге ниетті екенін көрсетеді.

Бұл оқиға Таяу Шығыстағы Иранның соңғы кездегі бірқатар сәтсіздіктерінің заңды жалғасы болды.

Израильмен болған қарулы қақтығыстан кейін Ливанда орналасқан проирандық «Хезболла» тобы басшылық пен әскери қуат жағынан үлкен шығынға ұшырады. Елдегі оның позициясы да әлсіреді, дегенмен «Хезболланың» саяси қанаты Ливанның саяси жүйесінің бір бөлігі болып қала береді.

Сирияда Иранға адал Башар Асад режимінің құлатылуы да Тегеран үшін соққы болды. Бұл Иранның шетелдегі маңызды плацдармын жоғалтуына әкелді.

Сыртқы қолдау

Ливанның саяси топтарындағы дереккөздердің айтуынша, дауыс беруге дейін Батыс және бірқатар араб елдерінің өкілдері Ливан билігімен белсенді байланысқа шығып, Жозеф Аунның сайлануына ықпал етуге тырысқан.

Сәрсенбі күні таңертең Франция мен Сауд Арабиясының өкілдері ливандық саясаткерлер тобымен кездескені хабарланды.

Сарапшылардың айтуынша, бұл сайлау Эр-Рияд үшін ерекше маңызды. Сауд Арабиясы бір кездері Ливанда Иранмен ықпал үшін бәсекелескен, ал қазір бұл бағытта әрекеттерін күшейткісі келеді.

Сонымен қатар, Аунның кандидатурасын АҚШ та қолдайтыны белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыз