2024 жылы 17,44 миллион тонна мұнай өңделген. «ҚазМұнайГаз» төрағасы Тоқаевқа не деп есеп берді

Жарияланды
Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында ұлттық компанияның былтыр атқарған жұмысы жөнінде есеп берілген.

Асхат Хасеновтің сөзінше, «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы өткен жылы мұнай және конденсат өндіру көлемін 23,8 млн тоннаға жеткізген. Бұл – 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,3%-ға артық.

«Мұнай өндіру деңгейін сақтап тұру үшін Технологиялық сын-қатерлер бағдарламасы іске асырылып жатыр. Жоба әрбір кен орнындағы мұнай өндіру көлемін арттыруда сараланған әдістерді қолдануды қарастырады», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ кездесуде құны 6,4 миллиард долларлық «Қаламқас-Теңіз» жобасын жобалау басталғаны айтылып, бірқатар ұңғымалардағы бұрғылау жұмыстары туралы есеп берілген.

«Өткен жылы Торғай Палеозой, Қаратон Подсолевой, Қаражар және Тайсойған ұңғымаларында бұрғылау жұмыстары басталды. Олардың мұнай қоры 800 миллион тоннадан асады», – деді Хасенов кездесуде.

Тоқаевқа былтыр мұнай тасымалдау көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 4%-ға артып, 83,6 миллион тоннаны құрағаны жайында айтылған.

2024 жылы отандық мұнай өңдеу зауыттарында 17,44 миллион тонна мұнай өңделген. Ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін жеңіл мұнай өнімдері өндірісін 2023 жылмен салыстырғанда, 370 мың тоннаға ұлғайту шаралары қабылданған.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының айтуынша, «CASPI BITUM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде битум өндірісін жылына 750 мың тоннаға дейін арттыру бойынша жоба қолға алынды. Полиэтилен өндіретін зауыттың құрылыс жұмыстары басталды. Құны 7,4 млрд долларға бағаланған кәсіпорын жылына 1 млн 250 мың тонна өнім шығара алады.

Маңғыстау облысында су тұшыту зауыты салынып жатыр. Бұл кәсіпорын Жаңаөзен қаласының тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қуаты 247 МВт болатын гибридті электр станциясының құрылысы жүргізілуде.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірлердегі әлеуметтік жобаларды іске асыру туралы да баяндалған.

Сондай-ақ оқыңыз