Ұлттық банк сауалнамасына қатысқан сарапшылардың 2025 жылға болжамы нашар
Ұлттық банк сауалнамасына қатысқан сарапшылар инфляцияға қатысты болжамын нашарлатты. Олар 2025 жылы Қазақстандағы инфляция 7,5 пайызға дейін баяуласа, 2026 жылы 6,5%ды құрайды деп тұжырымдайды. Алайда олардың инфляцияға қатысты бұған дейін жасаған болжамы жағымды еді: 2025 жылы инфляция 6,9% болса, 2026 жылы 6,0%-ды құрайды деген. Ал 2027 жылы инфляция 5,6% деңгейінде қалыптасады деп бағаланады.
Сарапшылардың Қазақстан экономикасының 2025 және 2026 жылғы өсіміне қатысты болжамы өзгеріссіз қалып, тиісінше 4,7% және 4,5% құрайды. 2027 жылы да экономикалық өсу қарқыны 4,5% деңгейінде сақталады.
Инфляцияға қатысты болжам өзгерген соң, базалық мөлшерме бойынша күтулер де қайта қаралған. Сарапшылар 2025 жылы базалық мөлшерлеме 12,5%-ды құрайды деп болжаған. Енді ол 14,7%-ке дейін өсті.
Brent маркалы мұнай бағасы қандай болмақ?
Сарапшылар мұнай бағасына қатысты болжамын да өзгертті. Бұған дейін мамандар 2025 жылы мұнай 76,5 доллардан сатылады десе, енді 75 долларға дейін арзандайды деген болжам жасаған.
Ал 2026 жылға болжам баррель үшін 74,0 АҚШ доллар деңгейінде сақталған.
Сауалнамаға Қазақстан бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 12 ұйым қатысқан. Олардың қатарында AERC, Эксперт РА, ING, Jusan Invest, NAC, АКРА, Еуразиялық даму банкі, Еуразиялық экономикалық комиссия, Фридом Финанс, Экономикалық зерттеулер институтының сарапшылары бар.