2024 жылы Қазақстан экономикасына тартылған таза шетелдік инвестиция (ТШИ) көлемі 98%-ға құлдыраған. Бұл туралы экономист Ғалымжан Айтқазинов өз телеграм арнасында жазды.
Экономист Ұлттық банк деректеріне сүйене отырып, 2024 жылдың 9 айында жалпы тікелей шетелдік инвестиция күрт төмендегенін жазады. Былтыр қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан экономикасына небәрі 72,8 млн доллар таза шетелдік инвестиция тартылған. Бұл 2023 жылдың 9 айымен салыстырғанда әлдеқайда аз. Ол кезде ел экономикасына 12,7 млрд долларға тең таза шетелдік инвестиция құйылған. Ал жалпы инвестиция көлемі 12,7 млрд долларға жетті.
Нәтижесінде таза ТШИ көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 98%-ға төмендеп, бұл Қазақстанның тарихындағы ең төменгі көрсеткіш болып тұр.
Шетелден келетін инвестиция көлемі инвесторлардың ел экономикасына қаншалықты қызығушылық танытатынын байқатады.
Сарапшы Қазақстанға тікелей тартылатын шетелдік инвестицияның күйін нашар деп бағаласа, ал таза шетелдік инвестицияларға қатысты жағдай тым күрделі екенін айтады.
«Бір жағынан, ірі жобалардың аяқталуына байланысты шикізат секторына инвестициялардың азаюы мен капиталдың елден кетіп жатқаны байқалса, екінші жағынан, салық кодексін қайта қарау және мемлекет тарапынан ірі шетелдік бизнеске қатысты реттеу қысымының күшеюіне байланысты инвестициялық климат пен іскерлік ортада белгісіздік басым. Сондай-ақ аймақтағы геосаяси тәуекелдер мен Ресеймен тығыз байланыстар да ықпал етуі мүмкін», – деп жазады экономист.
Бұл ретте экономист шетелден ивестиция тартылмаса, ел экономикасының дамуына кері әсер етеді деп тұжырымдайды. Өйткені Қазақстанның ішкі қорындағы (Ұлттық қор, БЖЗҚ) қаржы тез таусылуы мүмкін.
Сонымен қатар шетелдік инвестициялармен бірге елге ақша ғана емес, түрлі технология келіп, сондай-ақ тұрақты жұмыс орындары ашылады. Одан бөлек, шетелдік инвесторлардың қатысуымен жаһандық инвестициялық қорлар мен жеке инвесторларды тарту оңай әрі тиімді болады.