Қазақстан Ресейден қандай тауарларды импорттайды және қандай өнімдерді экспорттайды?
Қазақстан Ресейден қандай тауарларды импорттайды және қандай өнімдерді экспорттайды? Өткен жылы сыртқы саудада Қазақстан импортының 29,7%-ы немесе әрбір үшінші тауар Ресейге тиесілі болған.
Ресейден электр энергия импорты артып келеді
2024 жылдың 10 айында Қазақстан Ресейден құны 229,7 млн долларға 3,4 млрд кВт/сағат электр энергиясын импорттаған. Былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 14,2%-ға жоғары болып отыр.
Сондай-ақ еліміз 10 айда Ресейден 270 млн долларға мұнай өнімдерін импорттаған. Оның ішінде жанар-жағармай импорты 83,5 млн долларды құрады. Егер былтырғы жылмен салыстырсақ, жанармай отынының импорты 2 есеге жуық азайған.
Еліміз ресейлік металл және металл өнімдерін көптеп сатып алуды. 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында құны 1-1,2 млрд долларға металл және оның бұйымдарын импорттаған. Сондай-ақ тоқыма бұйымдары, қант, гигиеналық заттар мен косметикалық құралдардың басым бөлігін солтүстік көршімізден алудамыз.
Экспорттың негізгі тауарлары
ҚР ҰСБ мәліметінше 2024 жылдың 10 айында Қазақстан Ресейге құны 7,5 млрд доллардан асатын тауар экспорттаған. Бұл былтырғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 10,8%-ға төмен. 2024 жылдың қаңтар-қазан айларында Ресейге негізгі экспортталған тауарлар мынадай болды:
Химиялық өнімдер: Тыңайтқыштар, фармацевтикалық өнімдер мен химиялық реагенттер де экспорттың маңызды бөлігін құрады. Жалпы химиялық өнім экспортының көлемі 2 млрд доллардан асады.
Минералды ресурстар мен отын: Мұнай, табиғи газ және көмір Қазақстанның негізгі экспорттық тауарларының бірі болып отыр. Бұл тауарлар ресейлік өңдеу өнеркәсібі мен энергетика секторында жоғары сұранысқа ие.
Ауыл шаруашылығы өнімдері: Бидай, ұн, ет өнімдері және өсімдік майлары Қазақстаннан Ресейге экспортталатын басты ауыл шаруашылығы тауарлары болды. Әсіресе, жоғары сапалы бидай мен ет өнімдеріне сұраныс артты. Дегенмен де Ресей аграрлық ел болғандықтан, біздің ауыл шаруашылық өнімдерінің экспорты өзге елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен.
Металдар мен металл өнімдері: Қара және түсті металдар, оның ішінде болат және алюминий, Ресейге жеткізілді. Бұл тауарлар құрылыс және өндіріс секторында маңызды рөл атқарды. Қазақстан солтүстік көршісіне жылына 1 млрд доллардан астам металл түрлерін экспорттайды.
Машиналар мен жабдықтар: Қазақстан Ресейге арнайы техника, ауыл шаруашылығы жабдықтары және көлік құралдарының кейбір түрлерін экспорттады.
Импортқа тәуелділік жоғары
2024 жылдың 10 айындағы жағдай бойынша сыртқы саудада Қазақстан импортының 29,7%-ы немесе әрбір үшінші тауар Ресейге тиесілі болып отыр. Осылайша Ресей Федерациясы еліміздің басты импорттаушы елі ретінде өз статусын сақтап келеді. 2024 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда қатынастары тұрақты дамуда деп айтуға болады.
Импорттың көп болуы өздігінен ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірмейді, бірақ ол тәуелділікті күшейтуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан үшін импорттың көлемін ғана емес, оның құрылымын, әртараптануын және ішкі өндірістің даму деңгейін ескеру маңызды. Ұлттық мүдделерді қорғау үшін үкімет экономикалық саясатты осы бағытта реттеуі тиіс.