«ҚазМұнайГаз» акциялары 15 мың теңгеден сатылып жатыр
Қазақстан қор биржасында «ҚазМұнайГаз» акциялары қымбаттап, 15 мың теңгеге дейін жетті.
Мұнай алпауытының құнды қағаздары 2022 жылы IPO-ға шыққан еді. Ол кезде бір акция 8405 теңге деп бағаланды. 2 жыл ішінде құны 2 есеге жуық өскен.
Айта кетейік, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» төрағасы Асхат Хасеновпен кездесіп, есебін қабылдады.
Төрағаның айтуынша, «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы 2024 жылы мұнай және конденсат өндіру көлемін 23,8 миллион тоннаға жеткізген. Бұл 2023 жылғы көрсеткішке қарағанда 1,3%-ға артық.
«Мұнай өндіру деңгейін сақтап тұру үшін Технологиялық сын-қатерлер бағдарламасы іске асырылып жатыр. Жоба әрбір кен орнындағы мұнай өндіру көлемін арттыруда сараланған әдістерді қолдануды қарастырады» делінген хабарламада.