«Атырау мұнай өңдеу зауытының» басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалғаны рас па?
«Атырау мұнай өңдеу зауытының» басшысы Ғалымжан Жусанбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы жаңалық шындыққа жанаспайды. Бұл туралы компания баспасөз қызметі хабарлады.
«Ақпарат көздерінде «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Ғалымжан Жусанбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалды деген ақпарат шындыққа жанаспайды», – делінген хабарламада.
Компания ақпаратына сүйенсек, қазір «АМӨЗ» басшылығына қатысты ешқандай ресми сұраныс түспеген. Компания бұл ақпарат зауыттың беделіне нұқсан келтіруге бағытталғанын жазған.
Зауытта қазір жұмыс штаттық режимде жалғасып жатқаны белгілі. Бұдан бөлек, компания іс туралы жалған ақпарат әрі қарай таралған жағдайда БАҚ өкілдерін қылмыстық жауапқа тартуға дайын екенін жазып, ескерту жасаған.
Айта кетейік, осыған дейін Ulysmedia басылымы Жусанбаев пен оның екі орынбасарына қатысты аса ірі көлемде пара алу бойыншы қылмыстық іс қозғалғанын жазған еді.
АМӨЗ 1945 жылы салынып, пайдалануға берілді. 99% акциясы«Қазмұнайгазға» тиесілі.