Қырғызстан парламенті аппаратындағы бөлім бастығы қол астындағы қызметкерін аяусыз ұрып тастаған
Жаңа жылдық кештен кейін Қырғызстанның Жогорку Кенеші аппаратының қызметкерін бастығы ұрып тастаған. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр.
24 kg хабарлауынша, 2024 жылы 28 желтоқсанда Анкара көшесінде орналасқан мейрамханада өткен кештен кейін, дене жарақатын алған адам бастығының үстінен арыз түсірген. Полиция бұзақылық бабымен қылмыстық іс қозғаған. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша соңғы заңдық баға берілмек.
Мұның алдында Сергей Ким атты азамат бұқаралық ақпарат құралдарына шығып, 34 жастағы ұлы Русланды – Жогорку Кенештің аграрлық саясат, су ресурстары, экология және өңірлік даму комитеті бөлімінің маманын оның тікелей бастығы мен тағы да екі ер адамның аяусыз жабылып ұрғанын айтқан болатын.
Жәбірленушінің әкесінің сөзіне қарағанда, ұлының тікелей бастығы – парламентте сол комитет бөлімінің меңгерушісі болып істейді.
Сергей Кимнің айтуынша, ұлының басы жарылып, бет сүйектері сынған. Көз ұяшығының айналасындағы сүйегі жарылған. Бас сүйек-ми зақымын алған. Денесінде етік пен өкшенің іздері қалған. Бет-аузы көкпеңбек болып ісіп кеткен көрінеді.
Беттестіру кезінде күдікті кінәсін мойындамаған. Ол ешкімді ұрмағанын, Русланның өзі көліктен секіріп кетіп, электр бағанасына соғылғанын айтқан.