Садыр Жапаров алып тастаған автокөлік салығынан Қырғызстанның мемлекеттік бюджетіне 1,2 млрд сом түскен. Бұл туралы Мемлекеттік салық қызметі төрағасының орынбасары Кубанычбек Ысабеков мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл соманың 166,9 миллион сомы заңды тұлғалардан, ал 1 миллиард 31,2 миллион сомы жеке тұлғалардан түскен.
Айта кетейік, 8 қаңтар күні Қырғызстан президенті Садыр Жапаров автокөлік салығы жойылатыны туралы тиісті жарлыққа қол қойды. Оның айтуынша, бұл шешім «Жол қоры туралы» заңға енгізілген өзгерістерге байланысты. Жаңа ережеге сәйкес, әрбір литр жанармайдан 1 сом мөлшерінде алым алынатын болады.
Президент бұл өзгерістердің басты мақсаты – салық төлеу жүйесін жеңілдету және оны жанармай құнына қосу арқылы халыққа салмақ салмау екенін атап өтті. Осылайша, жанармай тұтыну мөлшеріне байланысты төлемдер әділ түрде бөлінетін болады.