Қазақстан Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы Ирак пен Африка елдерімен экономикалық байланыс орнатпақ

Жарияланды
Сенат Еуропа қайта құру және даму банкіне қатысты жаңа нормалар қабылдады / Фото: kursiv.media

Сенат депутаттары Қазақстан мен Еуропа қайта құру және даму банкі арасындағы келісімге өзгеріс енгізуді көздейтін нормаларды қабылдады. Қабылданған нормаларға сәйкес, банктің географиялық аумағын Ирак және Африканың оңтүстігінде орналасқан елдеріне дейін кеңейту көзделіп отыр.

«Келісімнің 1-бабына банк операцияларын географиялық қамтуды Сахараның оңтүстігіне қарай Африка елдеріне және Иракқа шектеулі және біртіндеп таратуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деді депутат Серік Өтешов.

Бұдан бөлек аталмыш өзгерістер негізінде жай операцияларға жарғылық шектеулерді алып тастау көзделіп отыр. Яғни директорлар кеңесіне капиталдың жеткілікті нормативтерінің тиісті деңгейлерін белгілеуге қатысты құзыреттілік берілмекші. Депутат Бекболат Орынбековтың айтуынша, бұл Банктің жедел шешім қабылдауына және өзінің кредиттік қызметін жоспарлауына жол ашады.

«Мысалы, Банк инфрақұрылымды дамытуға байланысты, Қазақстандағы ірі жобаны қаржыландыруды қарастырып жатыр деп алайық. Қазіргі шектеу кезінде, Банк қаражатты уақытында бөлуге үлгермеуі мүмкін, өйткені ол жаңа капитал салымдарының келісілуін күтуі керек. Егер түзетулер қабылданса, Директорлар Кеңесі қажетті лимиттерді шұғыл белгілеп, жобаны мақұлдай алады. Бұл іске асыру процесіне оң септігін тигізіп, Қазақстанға жедел қолдау алуға мүмкіндік береді», – деді депутат.   

Айта кетейік, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі елде жұмыс істей бастаған кезеңнен бері 332 түрлі жобаны 10,45 млрд еуродан (шамамен 11 млрд АҚШ доллары) астам сомаға инвестициялаған.

Сондай-ақ оқыңыз