Сенат кәсіпкерлерге ЕАЭО-ға мүше елдерде өтетін тендерлік конкурстарға қатысуға мүмкіндік беретін заңды мақұлдады
Сенат депутаттары «Мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуды жүзеге асыру кезінде банк кепілдіктерін өзара тану туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады. Бұл нормалар қазақстандық кәсіпкерлердің одаққа мүше елдердің мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысуына мүмкіндік береді.
Ал бұған дейін қазақстандық бизнесмендер аталмыш елдердің мемлекеттік сатып алуға қатысты конкурстарына қатыса алмай келген. Себебі Қазақстан банктері берген кепілдіктер бұл елдерде жарамсыз болып саналатын. Қабылданған заң сол олқылықтардың орнын толтырмақ.
«Заңның негізгі мақсаты – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында банк кепілдіктерін өзара тану үшін құқықтық негіз құру. Бұл өнім берушілердің Одаққа мүше басқа мемлекеттердің аумағында мемлекеттік сатып алуға қатысуын жеңілдетуге және оңайлатуға мүмкіндік береді», – дейді Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Сергей Карплюк.
Бұл келісім негізінде Одаққа мүше бір елдің әлеуетті өнім берушілерінің Одаққа мүше басқа елде өткізілетін мемлекеттік сатып алуға еш кедергісіз қатысуына, сондай-ақ ұзақ мерзімді және тұрақты негізде мемлекеттік сатып алу саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.