Алматыда төбелес шығарған шетелдік студенттер депортацияланады

Жарияланды
Студенттер төбелес кезінде бір-біріне орындық, үстел лақтырып, тоқпақ қолданған./Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматының бір кафесінде төбелес шығарған үндістандық студенттер елдеріне қайтарылады. Олардың оқуға рұқсат құжаттары жойылып, бес жылға дейін Қазақстанға келуге тыйым салынбақ. Бұл туралы Сенатор Марат Қожаев мәлімдеді.

«Кез келген шетелдік біздің заңдарымызды, тәртібімізді, салт-дәстүрлерімізді құрметтеуі керек. Соған сай өзін ұстауы тиіс. Бұл – әлемдік тәжірибе. Кез келген елдің заңын сақтау қажет. Бұл жерде заңнама өрескел бұзылған. Қоғамдық орында бір-біріне дене жарақатын салуға дейін барған. Біздің заңның талабы бойынша, мұндай әрекет жасаған шетелдіктер депортацияланады. Оқуға берілген заңды құжаттары жойылады. Олар бес жылға дейін Қазақстанға қайтып келе алмайды», – дейді Марат Қожаев.

Мұның алдында Жаңа жыл түні Алматы қаласының кафелерінің бірінде үндістандық студенттер төбелескен еді. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Студенттер төбелес кезінде бір-біріне орындық, үстел лақтырып, тоқпақ қолданғаны көрінеді.

Алматы полиция департаментінің қызметкерлері жанжалға қатысушыларды анықтап, Медеу аудандық полиция басқармасына жеткізген болатын.

«Бір кафеде Алматы ЖОО-сында оқып жүрген шетелдік студенттер арасында жанжал шығып, арты төбелеске ұласты. Әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға беріледі. Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның басқа жағдайлары анықталып жатыр», – деп хабарлады полиция департаменті.  

Әлеуметтік желіде таралған ақпаратқа қарағанда, төбелеске қатысушылардың бірі жарақат алып, басы жарылған. Оны жедел жәрдем көлігі алып кеткен.

Сондай-ақ оқыңыз