Дроптар – Қазақстандағы қаржылық алаяқтықтың жаңа түрі
Қазақстанда дроптар алаяқтығы көбейіп жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2024 жылы 6,2 мың дроп-карта анықталған. Олардағы жалпы қаржы айналымы 24 млрд теңгеге жетеді.
Дроптар деген кімдер?
Дроптар – банк картасы немесе шоттарды заңсыз мақсатта қолдануға беретін тұлғалар. Мәселен, есірткі саудасы, кибералаяқтық, заңсыз құмар ойындары және басқа да қылмыспен айналысушылар ізін жасыру үшін өзге бір адамның картасына не шотына ақша аударады. Ол адамдарды дроптар деп атайды.Картасын пайдалануға бергені үшін дропқа белгілі бір сомада сыйақы береді.
Кейбір алаяқтар ақша шығару үшін байланыс операторларының SIM карталарын да заңсыз пайдаланады. Солай интернет-банкинг арқылы қашықтан қаражат аудара береді.
Дроп болу үшін халықтың осал топтарына жататын адамдарды тартады. Олар жұмыссыздар, студенттер, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер болуы мүмкін. Көпшілігі өздерінің айналысып жатқан жұмысын, қылмыстық іске қатысы бар екенін де түсінбейді.
Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, еліміздегі дроп-карта иелерінің 90%-ы – шетелдік азаматтар. Оларға қатысты барлық ақпаратты агенттік сол елдердің құқық қорғау органдарына жіберді.
Дроптарды азайту үшін не істейді?
Алаяқтар азаматтарды дроп болуға тарту үшін түрлі әдістерді пайдаланады. Олардың құрығына түспес үшін Қаржы мониторинг агенттігі бірнеше өзгерістер ұсынып отыр:
- енді банк карталарын үшінші тұлғаларға пайдалануға бергендерге әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі
- кейбір күдікті көрінген шоттардағы қаражатты «тоқтатып», қашықтықтан банктік қызмет көрсетуді өшіру механизмі енгізіледі
- бір клиентке берілетін карталар саны шектеледі
- 10 немесе одан да көп карталары бар клиенттерге тексеріс күшейтіледі
- күдікті операцияларды анықтап, күмәнді клиенттерді қаржы мониторингінің субъектілерінің қызметтерінен ажырату үшін типологиялар әзірленді.
Қаржылық мониторинг агенттігі банк карталары мен шоттарын пайдаланып, заңсыз схемаға қатысқандар жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.
«Егер сізге қаражат аударғаныңыз үшін жеңіл табыс ұсынса, бұл қылмыстық схеманың бөлігі болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда барлық байланыстарды тоқтатып, құқық қорғау органдарына хабарлауыңыз қажет», – дейді агенттік өкілдері.