Билік солтүстікке көшетін қандастарға қандай көмек береді?

Жарияланды
солтүстікке көшу
Қандастар солтүстікке көшкені үшін арнайы квота қарастырылған / Фото: primerministr.kz

Қазақстанда азаматтарды жұмыс күшін қажет етіп отырған солтүстік өңірлерге көшіру бағдарламасы жалғасып жатыр. Халық және еңбек әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жыл көшуге дайын азаматтарға арналған жергілікті квотаны бекітті.

Биыл солтүстікке көшемін деген 9 653 адамға квота қарастырылған. Олардың 7 344-ы оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушы қазақстандықтарға, 2309-ы қандастарға арналған.

Азаматтарға Павлодар (3050), Солтүстік Қазақстан (2969), Қостанай (535), Шығыс Қазақстан (372), Қарағанды (38) және Абай (255), Ұлытау (125) облыстарына көшу ұсынылып отыр.

Солтүстікке көшетін азаматтарға қандай жеңілдік бар?

Тұрғылықты жерін тастап, өзге өңірлерге көшкендерге мемлекеттен берілетін арнайы көмек қарастырылған:

  • көшіп қону үшін әр отбасы мүшесіне 70 АЕК көлемінде ақша беріледі, бұл – әр адамға 275 240 тг
  • баспананы жалға алу ақысы мен коммуналды қызметтерді төлеуге субсидия – 15 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін яғни 58 980 теңгеден 117 960 теңгеге дейін.
  • баспана сатып алу үшін сертификаттар беріліп, жұмысқа тұру, кәсіп ашуға көмек көрсетеді; қысқа мерзімді оқудан өткізеді.

Мұнда берілетін сертификат баспана құнының 50%-ын жабады, бірақ ол 1 160 АЕК-тен немесе 4 561 120 теңгеден көп болмауы керек.

Сондай-ақ қоныстанушыларға көмек берген жұмыс берушілерге де 400 АЕК немесе 1 572 800 тг көлемінде субсидия беріледі.

Солтүстік пен оңтүстік өңірлердегі халық санындағы айырмашылық көбейіп жатқандықтан мемлекет бұл бағдарламаға үлкен сенім артып отыр. Былтыр Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік-демографиялық және экономикалық теңгерімсіздіктің сақталуын сын-қатерлердің бірі деп атаған еді.

«Соңғы жылдарда Солтүстік Қазақстан облысы халқының саны – 22,43%-ға, Павлодар облысының тұрғындары – 5,76%-ға, Қостанай облысының тұрғындары – 8,3%-ға азайды», – деген еді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ оқыңыз