Си Цзинпинь неге ашуланды?
ҚХР көшбасшысы Си Цзиньпин Қытайдың экономикалық көрсеткішіне күмән келтірген экономиске ашуланып, жауапкершілікке тартуды тапсырды. Бұл туралы өзінің дереккөздеріне сілтеме жасаған Wall Street Journal жазады.
Мәселе 2024 жылы Вашингтонда өткен форумға қатысты болып отыр. Сол жиында қытайлық экономист Гао Шаньвэн елдің ЖІӨ-нің өсімі көрсетілгеннен де 2,5 есе төмен деген еді. WSJ жазуынша, ол мемлекеттік SDIC Securities компаниясының бас маманы, бұған дейін ҚХР үкіметіне экономикалық және қаржылай саясат бойынша консультация да берген.
«Біз Қытай экономикалық өсімінің шынайы көрсеткіштерін нақты білмейміз. Менің болжамым бойынша, соңғы екі-үш жылда ЖІӨ-нің шынайы өсімі орта деңгейде 2%-ды ғана құрады. Ал ресми көрсеткіш 5%-ға тең еді», – деген форумда Гао Шаньвэн.
Мұны естіген Си Цзиньпин қатты ашуланып, экономиске қатысты тергеу жүргізуді тапсырған деседі. Wall Street Journal дереккөздері экономиске белгісіз уақытқа көпшілік алдында шығуға тыйым салғанын да айтады.
Қытайдың статистикалық мәліметтеріне қатысты сарапшылар да біраздан күмән келтіреді. Кейбірі ол идеологиялық, саяси себептерге байланысты бұрмалауы мүмкін дегенді де айтады.