Енді пәтерді сату-сатып алу мәмілелерін онлайн жасауға болады
Жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу мәмілелерін онлайн рәсімдеу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылады. Заң жобасының құжаты электронды үкімет порталында жарияланды.
Заң жобасын Әділет министрлігі және Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі дайындаған.
Пилоттық жоба бойынша, Астана және Алматы қалаларындағы қайталама нарықтағы жылжымайтын мүлік мәмілелері онлайн өтеді. Бірақ мәміле құны 70 млн теңгеден аспауы керек.
Құжатта жазылғандай, онлайн мәміле жүргізу үшін банктің веб-платформасы биометрия жүйесі, ЭЦҚ және бір реттік код арқылы қажетті ақпарат жинақтайды. Мәмілеге жекеменшіктің барлық иелері, оның ішінде ерлі-зайыптылар болса бірге қатысуы керек.
«Бұл өзгеріс Қазақстан Республикасы азаматтарына жылжымайтын мүлікті сатып алу – сату бойынша нотариалды мәмілелерді ақпараттандыру нысандары арқылы нотариусқа бармай-ақ, онлайн түрде жасауға мүмкіндік береді», – деп жазылған баспасөз хабарламасында.