Бектенов депутаттарға 17 ірі инвестжобаның инженерлік инфрақұрылымына ғана бюджет қаражаты бөлінетінін хабарлады

Жарияланды
Бектенов инвестжобалар біртіндеп іске асатынын айтты/ фото: kursiv.media

ҚР Үкіметі басшысы Олжас Бектенов инвестиция қаражаты салынатын ауқымды жобалар болашағына күмәнмен қараған депутаттар тобына жауап берді. Бектенов бюджет қаражаты инженерлік-инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалатынын хабарлады.

Қазақстан Үкіметі инвестициялық 17 ірі жоба іске қосу жоспарда бар екенін айтты.

Бұған дейін Мәжіліс депутаттары жүзеге асыратынына күмәнданып, Премьер-министр Бектеновке хат жазды. Үкімет бұл жобаларға 17 триллион теңге жұмсалатынын хабарлаған.

Депутаттар 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жоспарынан мұндай ауқымды жобалар туралы ақпаратты таба алмағанын да айтты.

«Тізімде көрсетілген жобалардың ішінде 1 триллион теңгелік құны бар аквапарк, сауда-ойын-сауық орталығы, қонақ үй салу жоспарланып отырған, Кіші Талдыкөлдің маңындағы кешеннің құрылысы сияқты күмәнді жобалар бар. Немесе Маңғыстау облысындағы 317 млрд. теңге сомасына «Жылы жағажай» жобасын атап өтуге болады. Мұндай жобалардың өңдеу өнеркәсібінің дамуына қаншалықты оң әсер ететіні мәселе өте даулы», – делінген ресми сауалда.

Парламентте отырғандарға жауап берген Бектенов 2023 жылы Президент Жолдауында берілген тапсырманы орындап отырғанын қаперге салды.

Жобалардың негізгі бағыттарын да атап өтті:

  • металдарды терең өңдеу,
  • мұнай,
  • газ және көмір химиясы,
  • машина жасау,
  • автокомпоненттер шығару,
  • тыңайтқыш өндіру,
  • туризм.

Инвестиция саласына арналған жобалардың бергісі 2026 жылы іске қосылады. Мәселен, келесі жылы Павлодар облысында металлургиялық кластер ашылады. Ал кейбір нысанның, он жылдан кейін, яғни 2035 жылға қарай пайдалануға берілетіні жазылған.  

«Іріктеу кезінде орташа және жоғары деңгейде өңделген өнім шығару критерийлері, экспорт пен импортты алмастыруға бағдарлану, нарықтағы сұраныс, стратегиялық маңыздылығы (мультипликативті әсер) ескерілді», – деді Бектенов.

Жаңа кешендер инвестициялық және жеке қаражат есебінен жүзеге асады.

«Бұл ретте республикалық бюджеттен қаржыландыру жобалардың әзірлігіне қарай тек қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жеткізу үшін ғана қаралатын болады», – деп нақтылады Үкімет басшысы.

Бектенов осы жобалар нәтижесінде экспорт 6 трлн теңгеге дейін көбейеді деп сендірді.

Сондай-ақ оқыңыз