2025 жылы Қазақстанның үш бірдей курорттық аймағында әуежай салынады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Әуежай Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында салынады. / Коллаж: kursiv.media архиві

Қазақстанда 2025 жылы жаңадан үш бірдей әуежай салынады. Бұл жайында Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңадан салынатын әуежайлар негізінен курорттық аймақтарда болады.

«Қазақстанда авиация саласындағы маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру басталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар салынады. Қазіргі таңда бұл нысандардың жер учаскелерін рәсімдеу және жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр»,- делінген хабарламада.

Бұдан бөлек автокөлік жолдарын дамыту үшін тағы да ауқымды қаржы құйылмақ.  Ведомствоның хабарлауынша, 20230 жылға дейін 4,7 мың шақырым болатын жаңа жол торабы салынбақшы. Оның 3,7 мың шақырымы – І санаттағы жол болады деп күтілуде. Жалпы 2030 жылға дейін көлік инфрақұрылымын жақсартуға 9 трлн-нан астам теңге инвестиция салынбақшы.

Ал теміржол саласына келер болсақ, Көлік министрлігі биыл 225 жаңа вагон сатып алынатынын хабарлады.

2024 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында курорттық аймақтарда сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салу туралы тапсырма берген еді. Өнеркәсіпті дамыту қорының есебінен кіші авиация ұшақтарын алу керектігін де айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз