Қайырымдылық, садақа және емге ақша жинайтындарды салық органдары тексере ме?
Садақа, қайырымдылық және емдік шаралар үшін мобильді аударымдар арқылы ақша жинайтындарды салық органдары тексере ме? Олар нақты мақсатқа жұмсалғанын қалай дәлелдеуі керек? Бұл сұраққа Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы жауап берді.
Комитет өкілінің айтуынша қайырымдылық істері үшін қаржы жинау кәсіпкерлікке жатпайтынын түсіндірді. Сондықтан ондай мақсаттағы жиналған қаржыға салық қарастырылмайды. Десе де оның да сұрауы бар.
«Бізде елде мобильді аударымдар арқылы садақа, қайырымдылық және ем-шараларына қаражат жинап жатады. Бұл – кәсіпкерлік мақсатта жиналып жатқан қаражат емес. Тиісінше, ол салық салуға жатпайды, тек кәсіпкерлік мақсаттағы аударымдар жатады. Егер емдік шараға жинаған болса, тиісінше оны құжаттар арқылы растай алуы керек. Оларға хабарлама жолдануы мүмкін, ондай жағдайда дәлел ретінде құжаттары бойынша түсінік беріп, әрекетін растауы қажет. Сонда олардан жеке табыс салығы алынбайды. Себебі оның мақсаты кәсіпкерлік мақсат емес», – деп түсіндірді комитет өкілі.
Салық органдары қайырымдылық үшін жиналған қаржы екеніне көз жеткізу үшін салық төлеушіге хабарлама жібереді.
«Хабарлама салық төлеушінің кабинетіне барады. Ол жерде түсінік беру деген батырма бар. Сол жерге құжаттарын жолдайды», – дейді Ерсайын Көптілеуұлы.
Айта кетейік, көптеген қор өз жобаларының нақты қаржылық есептерін немесе шығындарын жарияламайды. Бұл қаржының мақсатты түрде жұмсалуы туралы сұрақтар туғызады. Көптеген қайырымдылық қордың ресми сайттарында есептілік атымен жоқ. Ал кейбір қорларда осыдан 3-4 жыл бұрынғы есептілік жарияланған.
Жуырда Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бюджеттен тыс қорлардың да ашықтығына тексеріс жүргізілуі мүмкін екенін айтқан еді. Оның ішінде қайырымдылық қорлары да бар.