Лос-Анджелестегі өрт салдарынан кемінде 10 адам қаза тауып, шамамен 10 мың ғимарат өртеніп кетті. Жалын әлі күнге дейін ырық берер емес.
Dw.com сайтының мәліметінше, АҚШ президенті Джо Байден Лос-Анджелестегі өрт Калифорния тарихындағы ең ірі әрі жойқын апаттардың бірі екенін мәлімдеген. Қазіргі таңда 360 мың адам эвакуацияланған.
Округ шерифі Роберт Лунаның айтуынша, өрт болған аудандар «атом бомбасын тастағандай» күйде.
Алдын ала есептеулер бойынша, AccuWeather компаниясы өрттерден келтірілген жалпы шығын 135-150 миллиард доллар аралығында болады деп болжап отыр.
Өртті бақылауға алу мүмкін болмай тұр
Лос-Анджелес өрт сөндіру қызметінің басшысы Кристин Кроулидің айтуынша, өрттен Пасифик-Палисейдс ауданына ең көп зиян келген. Онда көптеген голливуд жұлдыздары мен танымал тұлғалардың виллалары орналасқан, 5300-ден астам үй өртенген. Құтқару қызметтерінің деректеріне сәйкес, Пасифик-Палисейдстегі өрт қазіргі таңда шамамен 80 мың гектар аумақты қамтып отыр.
Округ өрт сөндіру қызметінің басшысы Энтони Марроне Пасадина маңындағы өрт шамамен 4-5 мың ғимаратты, соның ішінде жеке үйлер, көпқабатты ғимараттар мен коммерциялық нысандарды шалғанын хабарлады.
Мародерлікке қарсы шаралар
Полиция зиян келген аудандарда тонау оқиғаларын тоқтату үшін коменданттық сағат енгізуді қарастырып жатыр. Лос-Анджелес округінің өкілі Кэтрин Баргердің айтуынша, тонаушылық күдігімен кемінде 20 адам ұсталған.