Жаңалықтар

Мұхтар Мағауин Америкада жерленетін болды

Фото: : magauin.com

Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің жаназасы 11 қаңтар күні АҚШ-тың Мэриленд штатында жергілікті уақытпен 10:00–де түріктің Diyanet Center of America мешітінде өтеді. Әрі сол штаттың зиратына жерленеді. Бұл туралы Америкадағы қазақстандықтар ҚазАқпарат агенттігіне хабарлады.

«Мұхтар Мағауиннің жаназасы қаңтардың 11-і, сенбі күні сағат 10:00-де Ленхем қаласындағы түріктің Diyanet Center of America мешітінде оқылады, қонақасы да сол орында 13:00–де беріледі. Жерлеу рәсімі 11:00–де Parklawn Memorial зиратында өтеді», – деп жазылған жазушының ұлы Едіге Мағауиннің отандастарына жіберген хабарламасында.

Жазушы Қазақстан уақыты бойынша 10 қаңтар таңғы сағат 5:55-те қайтыс болған.

Айта кетейік, Мұхтар Мағауин 2007 жылы Қазақстаннан Чехияға қоныс аударған. Кейін АҚШ-та, Түркияда өмір сүрген. 2024 жылы Halyq Uni басылымына берген сұхбатында елге қайта оралмайтынын айтқан.

«Елге қайтпаймын. Шетелде бір жыл тұрып үйренген адам қайтып барғысы келмейді. Өйткені біздің қоғам орыс қоғамы. Отаршылдықтың зардабы әлі күнге тұр», – деп еді жазушы.

Ол Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Түркияның Халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері, Ұлан-Батырдағы Халықаралық Шыңғыс хан Академиясының құрметті академигі болған. Жазушының елге белгілі «Көк мұнар», «Аласапыран», «Мен», «Қобыз сарыны» және т.б. шығармалары бар.