«Коперник» климаттың өзгерісін бақылау қызметінің мәліметі бойынша 2024 жыл бақылау тарихындағы ең жылы жыл болып тіркеліп, жаһандық орташа температура алғаш рет өнеркәсіптік кезеңге дейінгі деңгейден 1,5 градусқа артқан. Бұл туралы euronews.com сайты жазды.
Ғалымдар жаһандық жылыну мәселесін шешу үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін айтып дабыл қағып жатыр. Себебі орташа жылдық температура бұрын-соңды болмаған қарқынмен өсіп келеді.
Өткен жылы әлем бойынша қатты дауылдар мен су тасқындарынан бастап, құрғақшылық пен орман өрттеріне дейін көптеген экстремалды ауа райы құбылыстары тіркелді. Бұл табиғи апаттар адам өліміне себеп болып, олардың жиілігі мен өршуіне алып келеді.
«Коперник» қызметінің деректері бойынша, 2015 жылдан 2024 жылға дейінгі әрбір жыл бақылау тарихындағы ең жылы онжылдыққа кіреді.
Ғалымдар климаттың өзгеруі адамзатқа апатты салдар әкелуі мүмкін екенін айтады.
БҰҰ деректері бойынша, жыл сайын тек ыстықтан жарты миллион адам қаза тауып, жаһандық экономика триллиондаған шығынға ұшырайды. Одан бөлек планетаның қызуы судың және ауаның айналымы мен салқындату жүйесіне әсер етеді. Соның салдарынан ауа райының күрт құбылуы – суық пен аптап ыстықтың ауысуы, құрғақшылық, қатты аяздар, дауылдар, орман өрттері мен су тасқындарының жиілеуі байқалады.
Биыл артық жауын-шашын Испанияда жойқын су тасқындарын тудырды. Ал Шығыс Еуропаның көп бөлігінде, Балқан түбегінің оңтүстігінде, Грекияда, Лондон қаласында және Ұлыбританияның оңтүстігінде жаңбыр әдеттегіден көп жауды. Сондай-ақ осы аптада Сауд Арабиясының Мекке қаласында толассыз жауған жаңбырдан кейін ірі су тасқыны болды.