Жаңалықтар

«Алдағы 10 жылда Беларусь егемендігінен айырылуы мүмкін» – саясаттанушы

Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Саясаттанушы, Юстус Либих атындағы Германия университетіне қарасты Шығыс Еуропаны зерттеу орталығының сарапшысы Роза Тұрарбекова Беларусьтің Ресейге тым тәуелділігі оның егемендігін жоғалтып алуына дейін әкелуі мүмкін деп санайды. Бұл туралы ол Голос Америки басылымына берген сұхбатында айтты.

Сарапшының пікірінше, Беларусь президенті Александр Лукашенко билікті сақтап қалу үшін 2010 жылғы сайлауда Еуропамен серіктестіктен бас тартып, 2020 жылғы сайлаудан кейін наразылықты басып-жаншығаны Минсктің Мәскеуге тәуелділігін арттыра түскен.

«2020 жылдан бері аймақтағы жағдай айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Лукашенко халықаралық оқшаулануда қалды. Беларусь өзінің экономикалық серіктестерінің басым бөлігін жоғалтты. Лукашенко бұл мәселелерді шешуге тырысқанымен, биліктен бас тартпағандықтан, сауда мен ынтымақтастықтағы дефицитті өтеу үшін Ресейге тәуелді болуға мәжбүр болды. Кремль бұл жағдайды пайдаланып, Лукашенконы өзіне толықтай тәуелді етті», – дейді сарапшы. 

«Одақтық мемлекет» және тәуелсіздікке қауіп

Роза Тұрарбекова 2018-2019 жылдары басталған «одақтық мемлекет» идеясы мен интеграция мәселесінен кейін, Беларусьтің тәуелсіздігіне қауіп-қатер күшейе түскенін атап өтеді.

«Одақтық мемлекеттің» қабылданған жаңа әскери доктринасы Беларусь аумағынан Украинаға шабуыл жасауға мүмкіндік берген. Беларусьте Ресейдің тактикалық ядролық қаруын орналастыру туралы шешімдер қабылданып жатыр. Бірақ бұл шешімдерді Лукашенко емес, Мәскеу қабылдайды.

Сарапшы алдағы 10 жылда Беларусьтің тәуелсіз мемлекет ретіндегі тағдыры айқындалуы мүмкін деген пікірде.

«Егер қазіргі режим сақталса, Беларусьтің тәуелсіз ел ретінде өмір сүру мүмкіндігі сұрақ туғызады. Ел өзінің экономикалық, саяси және әскери салаларында Ресейге тәуелді болып, егемендігін толықтай жоғалтуы мүмкін. Алайда болашақта бұл жағдайлардың алдын алуға ықпал ететін оқиғалар орын алады деп үміттенеміз», – дейді ол.

Роза Тұрарбекова 1970 жылы Алматыда туып, 2000-шы жылдарға дейін Қазақстанда қызмет еткен. Беларусь этнографы Павел Терешковичке тұрмысқа шығып, 2000 жылдан бастап Беларусь мемлекеттік университетінде қызмет еткен. 2021 жылғы жаппай саяси тазартудан кейін жұмысынан қуылған. Қазір Юстус Либих атындағы Германия университетінің ғылыми қызметкері.

Сондай-ақ ресейлік тәуелсіз «Медуза» басылымы Кремльге жақын дереккөздерге сілтей отырып, Ресей Украинадағы соғыстан кейін Беларусьті қосып алуды ойластырып жатқанын хабарлады. Оны Ресей «екі мемлекеттің тереңірек интеграциясы» ретінде жасауы мүмкін.