Ұлыбритания соты Уэльс тұрғыны Джеймс Хауэллстың қалалық қоқыс алаңында қазба жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру туралы талап-арызын қанағаттандырмады. Ол 2013 жылы өзі тастап жіберген яки кездейсоқ жоғалтқан дискісін қайтарғысы келген. Бұл туралы ВВС-дің орыс қызметі жазады.
Ньюпорт қаласының тұрғыны Хауэллстың айтуынша, сол жылы қызы қателесіп қатқыл дискті қоқысқа тастап жіберген. Дискіде шамамен 7,5 мың биткоин сақталған. Бүгінгі нарықтық бағамен бұл 700 млн доллардан асады.
Ол жергілікті биліктен қоқыс орнын қазуға рұқсат сұрап, болмаса осы соманы өтемақы ретінде беруді талап еткен. Бірақ сот бұл талаптың заңдық негізі жоқ деп шешті.
Ньюпорт билігінің өкілдері заң бойынша тасталған диск қоқыс алаңының иелеріне тиесілі екенін айтты. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау ережелеріне сәйкес, қоқысты қазуға рұқсат берілмейді.
Хауэллс дискісін тапқан жағдайда битконндарды сатқаннан түскен соманың 10%-ын қалалық кеңеске беруге уәде еткен. Бірақ қарсы тараптың адвокаттары бұл ұсынысты «қазба жұмыстарын қаржыландыруға шенеуніктерді мәжбүрлеу әрекеті» деп атады.
Хауэллс өз дискісі жатқан аймақты шамамен анықтағанын айтады. Сөзінше, қоқыс орнында барлығы 1,4 миллион тонна қоқыс болса, оның іздейтін жерінде 100 мың тонна ғана қалдық бар.
«Бұл шешім мені дымсыз қалдырды. Мен Ұлыбританияның әділетсіздік жүйесінің тағы бір құрбанына айналдым», – деді Хауэллс сот шешіміне қатысты.
Хауэллс дискіден ақпаратты шығаруға мүмкіндік бар екеніне сенімді, бірақ жылдар бойы қоқыста жатқан құрылғының корпусы әбден тот басқан болуы мүмкін.
Дискке не болған?
Хауэллс биткоинға алғаш қызыққандардың бірі болғанын, 2009 жылы осы криптовалютаны «майнинг» арқылы тапқанын айтады.
Журналистерге берген сұхбатында битконн кілттері сақталған дискіні кездейсоқ басқа бір қажетсіз дискімен шатастырып қоқысқа тастағанын айтқан. Бірақ кейін оны сол кездегі дос қызы тастай салғанын айтты. Ал дос қызы мұны Джеймстің сұрауы бойынша жасадым дейді.
2024 жылдың желтоқсан айында биткоинның бағасы алғаш рет 100 мың доллардан асты.