Жаңалықтар

«Бұл соғысты тоқтатуымыз керек». Трамп Путинмен кездесуге дайындалып жатқанын мәлім етті

Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуге дайындық жүріп жатқанын мәлімдеді деп жазады ВВС.

«Президент Путин кездесуді қалайды. Ол бұл туралы тіпті ашық айтты және біз бұл соғысты тоқтатуымыз керек. Біз дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – деді Трамп Флорида штатындағы Мар-а-Лаго резиденциясында республикашыл губернаторлармен кездесу алдында журналистерге.

Ол Украинадағы соғысты аяқтаймын деп бірнеше рет уәде бергенімен, оны қалай жүзеге асыратынын нақтыламаған.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, кездесу қашан өтетіні туралы Трамп әзірге ештеңе айтпаған.

Кремль әзірге Трамптың сөздеріне пікір білдірген жоқ. Алайда бұған дейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге, егер Трамп 20 қаңтардағы инаугурациясынан кейін Путинмен байланыс орнатуға ниет білдірсе, Мәскеу мұны қолдайтынын айтқан.

«Егер қызметке кіріскеннен кейін ең жоғары деңгейде байланыстарды қайта жандандыруға саяси ерік-жігер сақталса, әрине, президент Путин бұған оң көзқараспен қарайды», – деді ол.

Трамп бұған дейін Путинмен келіссөздер қызметке кіріскеннен кейін, алты ай ішінде өтуі мүмкін екенін айтқан.

Песков 9 қаңтар күні америкалық тараптан мұндай кездесу туралы сұраныс түспегенін хабарлады.

Желтоқсан айында тікелей эфир кезінде Путин Трамппен кездесуге дайын екенін жеткізген.

Қараша айында Дональд Трамптың президенттік сайлауда жеңіске жеткенінен кейін бір апта өткен соң, Washington Post газеті Трамптың Путинмен телефон арқылы сөйлескенін және Украинадағы соғысты талқылағанын жазды.

Кремль бұл ақпаратты «ойдан шығарылған» деп атады.