Жаңалықтар

Қазақстандағы ең көне мұнай өңдеу зауытында апат болып, автобензин төгілді

Фото: АМӨЗ баспасөз қызметі

Қазақстандағы 3 мұнай өңдеу зауытының бірі – Атырау МӨЗ-індегі құбырлардан автобензин төгілді. Құбыр қазір резервуардан ажыратылған. Бұл туралы зауыттың баспасөз қызметі хабарлады.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС №33 резервуар паркіндегі тауарлық автобензин компоненттерін айдау желісінде ағып кету фактісі анықталғанын хабарлайды. Жауапты мамандар құбырды резервуардан ажырату шараларын қабылдады», – делінген хабарламада

Қазіргі кезде зауыттың жауапты қызметкерлері орын алған жағдайдың салдарын жойып жатыр. Зауыт бензиннің төгілуі мұнай өнімдерін жөнелту көлеміне әсер етпейді деп сендірді. Кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Зауытта мұнай өнімдері төгіліп жатқаны туралы видеоны зауыт қызметкерлері 9 қаңтарда таратқан. Видеода кәсіпорын аумағында жұмысшылар төгілген бензинді тазалап жатқанын байқауға болады. Олардың айтуынша, апат 9 қаңтар күні кешке болған. «Атырау Онлайн» басылымының хабарлауынша, оқиға орнына облыстық ТЖД қызметкерлері жіберілген.

Бұған дейін Kursiv.Media елдегі ең ірі мұнай өңдеу зауытында апат болу қаупі бар екенін жазған болатын. Телеграм-арналарда зауыттағы техникалық жабдық жайлы анықтама тараған.

АМӨЗ 1945 жылы салынып, пайдалануға берілді. 99% акциясы «Қазмұнайгазға» тиесілі.