2025 жылы қытайлық туристер үшін Қазақстан ең қолайлы бағыт деп танылды. Бұл туралы Kazakh Tourism компаниясы хабарлады.
«Ең перспективалық жаңа бағыт» марапатын 230 миллионнан астам қолданушысы бар Қытайдың Tongcheng Travel жетекші онлайн-туристік агенттігі берген.
«Туризм жылы аясында Қытай туристерінің қатары шамамен екі есе артқанын және Қазақстанға саяхаттауға деген сұраныстың айтарлықтай өскенін байқадық. Біз бұл үрдісті қолдап, Аспан асты елінің жетекші онлайн-платформаларымен ынтымақтастықты кеңейтуді діттеп отырмыз», – деп атап өтті Kazakh Tourism басшысы Қайрат Сәдуақасов.
Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстанға Қытайдан келген туристер саны 78%-ға артып, 655 мың адамға жеткен. Жыл басында Қазақстанға саяхаттау туралы сұраныс Қытайда 300% артқан.
Айта кетейік, осыған дейін қараша айында Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен Uzakrota Travel Summit 2024 форумы аясында Қазақстан туризм саласындағы беделді марапатқа ие болған. Ал халықаралық Lonely Planet басылымы 2025 жылы саяхаттау үшін Қазақстанды үздік елдер қатарына енгізді.