Жазушы Мұхтар Мағауин өмірден өтті

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Жазушы Мұхтар Мағауин қайтыс болды
Жазушы Мұхтар Мағауин қайтыс болды / Фото: magauin.com, бильд-редактор Ахтам Зиперов

10 қаңтарда Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауин АҚШ-тың Мерилэнд штатында 85 жасында дүниеден озды. Бұл туралы жазушының ұлы Едіге Мағауин Facebook парақшасында жазды.

«Арыстан әкем фәниден бақиға аттанып кетті. АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те», – делінген жазбада.

Жазушы Қазақстан уақыты бойынша 10 қаңтар таңғы сағат 5:55-те қайтыс болған.

Айта кетейік, Мұхтар Мағауин 2007 жылы Қазақстаннан Чехияға қоныс аударған. Кейін АҚШ-та, Түркияда өмір сүрген. 2024 жылы Halyq Uni басылымына берген сұхбатында елге қайта оралмайтынын айтқан.

«Елге қайтпаймын. Шетелде бір жыл тұрып үйренген адам қайтып барғысы келмейді. Өйткені біздің қоғам орыс қоғамы. Отаршылдықтың зардабы әлі күнге тұр», – деп еді жазушы.

Ол Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Түркияның Халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері, Ұлан-Батырдағы Халықаралық Шыңғыс хан Академиясының құрметті академигі болған. Жазушының елге белгілі «Көк мұнар», «Аласапыран», «Мен», «Қобыз сарыны» және т.б. шығармалары бар.

Сондай-ақ оқыңыз