Қазақстандық актер Александр Черепанов Нью-Йорктегі халықаралық Oniros Film Awards кинопремиясын жеңіп алды. Бұл туралы Ұлттық киноны қолдау орталығы хабарлады.
«Шатырдағы екеу» фильмінде аутизмге шалдыққан жасөспірім Костяның рөлін сомдаған актер премия кезінде үздік «Жас актер» атанған. Бұдан бөлек премияға фильмнің режиссері Гүлшат Смағұлова да ұсынылып, «Режиссер-дебютант» үздіктер қатарына кірген.
Фильм түсірілімі кезінде Черепанов 15 жаста болған. Қазір Виталий Давыдовтың шеберханасында білім алып, «Балаганчик» театрында өнер көрсетеді.
«Шатырдағы екеу» фильмі 2024 жылы қазақ және орыс тілдерінде отандық кинотеатрларға шыққан. Картинада ерекше қажеттілігі бар балалардың қоғамға бейімделу мәселесі көтерілген.
Фильмнің режиссері – Гүлшат Смағұлова, сценарий авторы – Жанна Тимофеева, қоюшы суретшісі – Елена Айтова, ал қоюшы операторы – Александр Плотников. Кинода Елдар Әбіш, Александр Черепанов, Лидия Ярцева, Ольга Ландина, Евгений Задорожнев, Жанна Қуанышева, Дәулет Кекілбаев, Бағлан Нүрекенова сынды актерлер ойнаған.