Авто

Өзбекстаннан Қазақстан мен Ресейге жаңа автобус бағыттары ашылады

Өзбекстаннан халықаралық жаңа автобус бағыттары ашылады / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Өзбекстаннан Қазақстанның 3 өңіріне бағытталған халықаралық автобус рейстері қосылды. Бұл туралы Өзбекстанның көлік министрлігі хабарлады.

Жаңа бағыттар:

  • Бухара – Түркістан
  • Үргеніш – Ақтау
  • Ферғана – Алматы

Ресейге қарай ашылған бағыттар

Өзбекстаннан Ресейдің ірі қалаларына дейін бірнеше жаңа бағыт ашылды. Бұл рейстер жұмыс мигранттары мен туристер үшін қолайлы жағдай жасап, қос ел арасындағы тасымалдың артуына ықпал етеді. Бұған дейін Өзбекстан Ресейге әуе рейстерін қысқартқан еді.

Жаңа бағыттар:

  • Сұрқандария – Бухара – Үргеніш – Нөкіс – Мәскеу
  • Үргеніш – Нөкіс – Уфа
  • Нөкіс – Краснодар
  • Ташкент – Уфа
  • Ташкент – Краснодар

Бұдан бөлек, Өзбекстаннан Қырғызстанға, Қытайға және Тәжікістанға да жаңа автобустар қатынайтын болады. Барлық жаңа бағыттарда заманауи автобустар пайдаланылып, жолаушыларға қолайлы жағдайлар ұсынылады. Жол жүру кезінде қауіпсіздік пен уақытты үнемдеуге ерекше мән беріледі.

Теміржол тасымалындағы өзгерістер

Алдағы уақытта «Jibek Joly» жобасын кеңейту және басқа да жаңа туристік маршруттарды ашу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар №1/2 «Алматы-Ташкент» пойызының қозғалыс кестесі жолаушылар үшін барынша ыңғайлы етіп өзгертілді. Бұл пойыз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы маңызды көлік дәлізіне айналып, өткен жылы 72 мыңнан астам жолаушы тасымалдаған.

Бұған дейін, Kursiv LifeStyle «Жібек жолы» бойымен арзан саяхаттап, бір сапарда төрт қаланы қалай аралауға болатыны туралы жазған еді.