Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін, Қазақстанда тіркелген компания Жапония санкциясына ұшырады. Бұл туралы Жапония Сыртқы істер министрлігі жариялаған құжатта жазылған.
Сайтта санкциялық шектеулердің кеңеюі Украинамен жалғасып жатқан әскери қақтығысқа байланысты екені айтылған.
«Украина төңірегіндегі қазіргі халықаралық жағдайды ескере отырып және осы мәселені шешуге бағытталған халықаралық бейбітшілікке қол жеткізуге бағытталған халықаралық күш-жігерді ілгерілету мақсатында, басқа ірі елдер қабылдаған шараларға сәйкес Жапония Үкіметі Сыртқы істер министрлігіне сәйкес келесі шараларды енгізді», – делінген хабарламада.
Ал санкцияға ұшыраған Қазақстандық «Da Group 22» ЖШС-ның құрылтайшысы мен жетекшісі – Носаева Лилия Ивановна деп көрсетілген. Компания 2024 жылдың 22 қаңтарында қайта тіркеуден өткенде, құрылтайшысын жасырып қойған. Бұл ЖШС-сы Ресей Укринаға соғыс ашқаннан кейін Қазақстанда тіркелген. Компания электрондық және телекоммуникациялық құрал-жабдықтардың және олардың бөлшектерінің көтерме саудасымен айналысады.
Компания 2024 жылдың шілде айында АҚШ пен ЕО санкцияларына ұшыраған. Ол кезде «Da Group 22» ЖШС-ы Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектескені үшін қайталама санкцияға ілініп, қара тізімге енген.
Айта кетейік, санкцияға ұшырағандар арасында Қытай, Ресей, Қырғызстан сынды елдердің де бірқатар компаниялар мен банктері бар. Жапония Ресейдің 11 жеке тұлғасына, 29 заңды тұлғасына және үш банкке санкция салған. Олар – Мәскеудегі ЦМРБанк, РФК-банк және Қазандағы Таймер-банк.