Ресей аспаны қауіпті. Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі Ақтаудағы ұшақ апатынан кейін ескерту жасады
Ақтаудағы ұшақ апатынан кейін, Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі (EASA) Ресейдің 5 қаласына ұшу қауіпті екенін ескертті.
Атап айтқанда, агенттік Ресейдің мына қалаларына рейстерді тоқтатуды ұсынды:
- Мәскеу;
- Санкт-Петербург;
- Екатеринбург;
- Дондағы Ростов;
- Самара.
«Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін, бұл елдің әуе кеңістігінде азаматтық ұшақтардың шабуылға ұшырау қаупі артты», – деп жазылған агенттіктің ресми сайтында.
Сонымен бірге агенттік украиналық зымырандардың Ресей территориясына тереңдей түсуі жағдайды ушықтыра түскенін хабарлайды.
Бұл ескертуді EASA Ресейге әуе рейстерін тоқтатпаған үшінші елдер үшін жариялаған. Өйткені Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін, ЕО-ның барлық әуе компаниясы Ресеймен әуе қатынасын тоқтатқан. Агенттіктің бұл ескертпесі 2025 жылдың 31 шілдесіне дейін қолданыста болады. Қауіп артса немесе төмендесе, агенттіктің бұл құжатына өзгеріс енгізіліп, қауіпті қалалардың тізімі артуы немесе азаюы мүмкін.
AZAL әуе борты шабуылға ұшыраған соң, Ресей қалаларына рейстерін бірнеше шетел компаниялары күрт тоқтатты. Әуе рейстерін тоқтатқан Израильдің El Al, Arab Flydubai, Сербияның Air Serbia, Өзбекстанның Qanot Sharq және Turkmenistan Airlines сынды компанияларының қатарында Qazaq Air де бар. Компания 2024 жылдың 27 желтоқсанында Екатеринбург қаласына ұшатын рейстердің тоқтағанын хабарлады. Ал 30 желтоқсанда Минеральные воды, Сочи, Вологоград, Уфа, Самара, Грозный қалаларына әуе қатынасын тоқтатты.