Атырау мұнай өңдеу зауытында 30 тонна жанармай төгілді

Жарияланды
анпз
Фото: azh.kz

Атырау мұнай өңдеу зауытында 30 тоннаға жуық жанармай төгілді. Десе де, зауыт басшылығы ешқандай шығын келмегенін алға тартып отыр.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС №33 резервуар паркіндегі тауарлық автожанармай компоненттерін айдау желісінде ағып кету фактісі анықталғанын хабарлайды. Жауапты мамандар құбырды резервуардан ажырату шараларын қабылдады», – деп хабарлады зауыттың телеграм арнасы.

«Атырау мұнай өңдейтін зауыт» ЖШС бас директорының өндіріс бойынша орынбасарының міндетін атқарушы, бас инженер Нұрлан Есжановтың айтуынша, тексеріп шығу барысында оператор №33 резервуарлар паркі аймағында мұнай өнімінің төгілгенін анықтаған.

«Кейінірек оның автокөлік жанармайы компоненттері желісі екені белгілі болды. Бұл желі техникалық схемадан дереу ажыратылып тасталды. Қазіргі кезде қалпына келтіру және төгілуді жою бойынша жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – дейді бас инженер.

Нұрлан Есжановтың сөзіне қарағанда, төгілген жанармай көлемі 20-30 тоннаға жуықтайды. Бірақ мұнай өнімін вакум арқылы сорып алып, қайта өңдеу үшін жүйеге қайта жіберілген.

«Сондықтан мұнай өнімдерінің шығыны болмады. Жанармай төгіліп, далада қалған жоқ. Жердің астында жатқан құбыр жөнделіп жатыр. Жерді қазып құбырды аршып, мұнай өнімі аққан жерді таптық. Комиссия құрылып, мән-жайын анықтайды. Сол комиссияның қорытындысы бойынша ақпарат берілетін болады», – деді Нұрлан Есжанов.  

Оның айтуынша, қазіргі кезде қалпына келтіру, аймақты тазарту жұмыстары жасалып жатыр. Барлық мемлекеттік органдардың өкілдері оқиға орнына келген. Қазіргі кезде Энергетика министрлігі бекіткен өндіріс жоспары бойынша штаттық режимде жұмыс істеуде.  

Сондай-ақ оқыңыз