Фильмдерге бөлінетін қаржының кем дегенде 30%-ы «Қазақфильмге» беріледі – Аида Балаева

Жарияланды
Министр қомақты қаражат киностудияның жұмысын тиімді әрі қаржылық тұрғыдан тұрақты болуына мүмкіндік беретінін айтты/фото: KursivMedia мұрағаты

Мәдениет және ақпарат министрлігі Аида Балаева Шәкен Айманов атындағы Қазақфильмнің жаңа даму кезеңіне өткенін мәлімдеді. Енді елімізде фильмдерге бөлінетін қаражаттың кем дегенде 30%-ы-ы «Қазақфильм» бюджетіне тікелей түспек.

Министрдің айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заң Мәдениет және ақпарат министрлігінің қызметін және бірқатар қағидаларды қамтиды.

«Осылайша елдегі басты киностудия – Шәкен Айманов атындағы Қазақфильмнің жұмысы жаңа даму кезеңіне қадам баспақ. Енді жыл сайын еліміздегі фильмдерге бөлінетін жалпы қаржының кем дегенде 30 пайызы тікелей Қазақфильмге бағытталады. Бұл киностудияның жұмысын тиімді әрі қаржылық тұрғыдан тұрақты болуына мүмкіндік береді», – деді министр.

Мәдениет және ақпарат министрінің сөзіне қарағанда, Президенттің тапсырмасы бойынша креативті индустрияға қолдау көрсетуге арналған мемлекеттік шаралар кешені әзірленген.

«Осыған сәйкес, дарындылардың жолын ашу, жобаларды жүзеге асыру, инфрақұрылымды дамыту, қазақстандық креативті өнімдер мен қызметтерді халықаралық нарықтарда ілгерілту үшін инвесторларды тартатын арнайы креативті индустрияны қолдау қоры өз жұмысын бастайды. Креативті индустрия саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру бойынша өкілетті мемлекеттік органның құзіреті де нақты бекітілді», – деді Аида Балаева.  

Министрдің айтуынша, аталмыш ведомство бұл сала үшін қаржылай және қаржылай емес қолдау шараларын әзірлейтін болады. Осындай өкілеттіліктер жергілікті атқарушы органдарға да беріліп отыр. Бұл өңірлердегі шығармашылық хабтарды құруды және олардың жұмысын жеңілдетіп, аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып, мақсатты мемлекеттік қолдау шараларын енгізуге жол ашады.

«Президент «Ана тілі» газетінде берген сұхбатында атап өткендей, мемлекеттік креативті экономика саласының дамуына әрі қарай да қолдау көрсетіледі», – деді министр.

Президент креативті жастардың және креативті индустрияның мемлекеттік тілді дамыту ісіне пайдасын тигізе алатынын айтқан еді.

«Қазақстандық және әлемдік нарықтарда қаржылық тұрғыдан тиімді әрі сұранысқа ие қазақ тіліндегі контент, әдебиет, музыка, кино, сериалдар, компьютерлік ойындар жасау арқылы дами түсуі тиіс. Сондықтан, бұл – креативті индустрия саласындағы жаңашылдықтардың бір бөлшегі екені сөзсіз», – деді министр.

Қазіргі уақытта Сенат пен Мәжілісте осы сектордың қазақстандық үлгісін толықтай қалыптастырып, жүйелендіретін қосымша қолдау шараларын талқыланып жатыр.

Мұның алдында, 2024 жылы 2 қараша күні кино қауымдастық өкілдері Алматы қаласында Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жариялап, «Қазақфильм» басшылығын айыптаған болатын. Осыған байланысты «Қазақфильм» президентінің міндетін атқарушы Айдар Омаров шағым айтушылардың сын-пікірі шындыққа сәйкес келмейді деп жауап берді.

Сондай-ақ оқыңыз