Тоқаев «Келешек» жүйесі туралы заңға қол қойды
Президент «Келешек» жүйесі, 2025 жылдан бастап 5 жасқа толатын балаларға төленетін біржолғы бастапқы білім беру капиталын қарастыратын заңға қол қойды.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енеді.
Түзетулердің алғашқы бөлігінде мемлекеттен берілетін бастапқы білім беру капиталы, жыл сайын төленетін мемлекеттік сыйлықақы және инвестициялық табыс қарастырылып отыр. Ол «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді көздейді. Жүйе бес жастан асқан балаларды қамтиды.
Ғылым және жоғары білім министрлігі біржолғы бастапқы білім беру капиталының мөлшерін анықтап, бекітеді. Ол бастапқы білім беру капиталын есептеу, пайдалану және қайтару қағидаларына сай есептелінеді.
«Келешек» жүйесіне тоқталсақ, онда жыл сайын 5% мемлекеттік сыйлықақы қарастырылып отыр. Халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары үшін 7% мемлекеттік сыйлықақы тағайындалмақ. Бұдан бөлек, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі де қолданыста. Бұл жүйелер ата-аналарға баласының болашақта білім алуы үшін қаражат жинауға мүмкіндік береді. Кәсіптік немесе техникалық білім алуға, жоғары оқу орнына түсуге және диплом алғаннан кейін де білімін жетілдіруге септігін тигізеді. Сонымен қатар, баспанаға жұмсауға да рұқсат етіледі.
Түзетулердің екінші бөлігі креативті индустрияны қолдауға арналған. Айталық, облыс орталықтарында, ірі қалаларда мұндай орталықтар кешенді түрде қалыптасуы тиіс. Осы салада бақ сынап көргісі келіп, әрекет етуші жастарға өз өнімдерін коммерцияландыруға көмек көрсетілмек.
Сондай-ақ, «Креативті индустрияны қолдау қоры» заңды тұлға ретінде қызмет көрсететін болады. Бұл қор дарынды адамдарды тауып, насихаттау ісімен айналысады. Жобаларға және қызмет көрсетуге қолғабыс беріп, өнімдердің әлемдік нарыққа шығуына өз ықпалын тигізеді.
Мәдениет және ақпарат министрлігі уәкілетті орган ретінде көрсетіліп отыр. Министрлік ынталандыру қағидаттарын әзірлейді. Сонымен қатар, ірі қалалардағы жергілікті атқарушы органдар креативті индустрия саласындағы мелекет саясатын жүзеге асырады.
Мұның алдында «Келешек» бағдарламасымен ашылған жинаққа мемлекеттік бастапқы білім беру капиталы тек ақша салынып отырған есепшоттарға түсетіні туралы жазғанбыз. Есепшотқа жылына ең кемі 24 АЕК-ке тең ақша түсуі тиіс.