Жаңалықтар

Қазақстан АЭС салу бойынша келіссөздерді бастап кетті ме?

«ҚАЭС» басшысы Samsung компаниясы өкілдерімен сөйлесті/Фото: Samsung

«Қазақстан атом электр станциясы» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин АЭС салу аясындағы мүмкіндіктерді талқылау үшін кореялық Samsung өкілдерімен кездесті. Бұл туралы мекемінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Екі жақты кездесу кезінде АЭС салудың мерзімі, оған қажетті кадрлер даярлау, жабдықтар жеткізу деген тәрізді мәселелер талқыланды.

«Samsung компаниясының Орталық Азиядағы кеңсесінің басшысы Йонг Ку ЛИ (Mr. Young Ku LE) компанияның жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Ол серіктестіктің маңыздылығын және бірлескен жұмыстың табысты болатынына сенімін білдірді», – деп жазылған хабарламада.

Өз тарапынан Тимур Жантикин мұндай өте маңызды мәселеде қауіпсіздік пен экономикалық тиімділік талаптарына сай келетін жобаны мұқият таңдайтындарын жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі АЭС құрылысын тездетуді тапсырған. Энергетика министрлігі АЭС салу бойынша 4 елдің үміткер екенін айтты. Олар Оңтүстік Корея, Ресей, Франция және Қытай. Алмасадам Сәтқалиев вендорлар ұсынысына қарай отырып, жеңімпаз жайлы шешім 2025 жылдың бірінші жартысында, «тіпті одан да тез уақытта» жарияланады деген еді.