Банк пен қаржы

Қазақстандағы ең ірі банктің бірі доллармен жасалатын операцияларды бір айға тоқтатты

Банк Центр Кредит
«Банк Центр Кредит» банкоматтары бір айға дейін доллар операцияларын тоқтатты / Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Банк Центр Кредит банкоматтарында бір айға дейін доллармен жасалатын операциялар тоқтатылды. Бұл туралы банктің сайтында жазылған.

«Банк ЦентрКредит банкоматтарында АҚШ долларымен ақша алу, толықтыру және айырбастау операциялары уақытша қолжетімсіз екенін хабарлаймыз. Бұл операциялар 2025 жылдың 31 қаңтарға дейін қайта іске қосылады деп жоспарлануда», – деп жазылған сайтта.

Бұған дейін банк доллармен жасалатын операцияларды тек 15 қаңтарға дейін ғана тоқтатқан еді. Енді ай соңына дейін ұзартып отыр. Сол кезде қаржы ұйымының баспасөз қызметі бұл «қауіпсіздігін арттыру бойынша техникалық жұмыстарға байланысты» деп түсіндірген. Ал бір айға дейін ұзарту себебі белгісіз.

Айта кетейік, бірінші қаңтардан бастап доллармен жұмыс істейтін заңды тұлғаларға қатысты жаңа өзгеріс бар. Енді 50 мың доллардан аса валюта сатып алатын болса банкке арнайы келісімшарт көрсетуге міндетті.

Банк Центр Кредит – актив көлемі бойынша қазақстандық 21 банктің ішінде үшінші орын алады. 2024 жылдың 1 желтоқсанындағы есеп бойынша, банк активі 6,6 трлн теңгені құрап отыр. Ссудалық портфелі 4 трлн теңгеге жуық.