Жаңалықтар

Қазақстанда зейнетақы активтерін инвестициялауға арналған қаржы құралдары көбейеді

Зейнетақы активтерін инвестициялау ережесі өзгереді/фото: kursiv.media

Қазақстанда зейнетақы активтерін инвестициялау қағидасы өзгереді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Ашық НҚА» порталында қаулы жобасын талқылауды ұсынды.

Әзірлеуге орган түсіндіруінше басты екі бағытта өзгеріс болады:

  • зейнетақы активтерінің кірістілігінің ең төменгі деңгейіне қойылатын талаптар қайта қаралады,
  • инвестициялауға арналған қаржы құралдарының тізбесін кеңейту және лимитті қайта қарастыру.
  • Агенттік бұл өгеріс жеке кәсіпкерлік субъектілерінің шығындарына әсер етпейтінін мәлімдеді.

Инвестициялық портфельді басқарушы зейнетақы активтері есебінен инвестициялық портфельдердің бір және (немесе) бірнеше түрін қалыптастырады:

1) зейнеткерлікке шығу мерзіміне қарамастан, салымшылардың зейнетақы активтері есебінен консервативтік портфель;

2) зейнеткерлікке шығу мерзімі үш жылдан асатын салымшылардың зейнетақы активтері есебінен қалыптасқан портфель;

3) зейнетке шығу мерзімі он үш жылдан асатын салымшылардың зейнетақы активтері есебінен тәуекелді портфель.

«Инвестициялық портфельді басқарушы инвестициялық портфельдің әрбір түрі үшін өлшемдері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен айқындалатын композиттік индекстер негізінде эталондық портфельдер әзірлейді», – деп жазылған құжатта.

Басқарушы компания әр портфель есебін тапсырады.

Осы қаулы күшіне енсе, компаниялар қазақстандықтардың зейнетақысын инвестициялай алатын құралдар саны артады.

Бұл ретте олар 13 және одан да көп жылдан кейін зейнетке шығатын қазақстандықтардың ғана зейнетақы жинақтарын тәуекелді құралдарға сала алады.

Ереже бойынша Ұлттық банк пен жеке менеджерлер зейнетақы активтерін шетел валютасындағы қаржы құралдарына мына мөлшерде инвестициялай алады:

  • консервативті портфельдің зейнетақы активтері құнының 30%-ына дейін;
  • қалыпты портфельдің зейнетақы активтері құнының 60%-ына дейін;
  • тәуекелді портфельдің зейнетақы активтері құнының 80%-ына дейін;

Зейнетақы қорында қазақстандықтардың 21,9 трлн теңгеге жуық зейнетақы жинағы бар. Соның 21,84 трлн теңгесі Ұлттық банкке сенімгерлік басқаруға берілген.