Былтырғы ауқымды көктемгі су тасқыны қайталануы мүмкін бе? Төтенше Жағдайлар министрлігінің болжамы қандай? Бұл сұраққа ТЖМ төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Магомет Ахриев жауап берді.
ТЖМ өкілінің мәлімдеуінше, елде көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Биылғы жылы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға 40 мың құтқарушы қатыспақшы.
Сондай-ақ спикер биыл қыс қарлы болады деген болжам барын, сондықтан барлық тәуекелге дайын болу керек екенін жеткізді.
«Болжам бойынша, қыс қарлы болады деген ақпарат бар. Қалай болғанда да, біз ең қиын сценарийге дайындалып жатырмыз. Оқу-жаттығуларда да, жағдайдың ең ауыр сценарий бойынша қалай өрбитінін жан-жақты қарастырамыз. Соған сәйкес әрекет етеміз», – деді ол.
Айта кетейік, осыған дейін Су ресурстары министрлігі Қазақстанның батыс және солтүстік өңірлерінде су тасқынына қарсы дайындық шаралары басталып, 84 елдімекен қорғауға алынғанын хабарлаған еді. Осы өңірлер былтыр тасқыннан қатты зардап шеккен.
Еске салсақ, 2024 жылы наурыз айынан бастап, еліміздің батыс және солтүстік өңірлерінде су деңгейі көтеріліп, арты бірнеше ай бойына тасқынға ұласқан. Атырау және Қостанай облыстары ең көп зардап шеккен. 10 өңірде төтенше жағдай жарияланып, құтқару жұмыстары жүргізілді. Су тасқыны салдарынан келген жалпы шығын 300 млрд теңгеден асқан.