ҰҚК пара алды деген күдікпен Ақтаудың әскери-тергеу басқармасының бастығын ұстады
Ақтауда Ішкі істер министрлігінің Батыс өңірлік әскери тергеу басқармасының бастығы пара алды деген күдікпен ұсталды. Желіде тараған бұл ақпаратты Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің баспасөз қызметі растады.
2024 жылғы 24 желтоқсанда Маңғыстау облысы ҰҚКД қызметкерлері сыбайлас жемқорлық бойынша күдік тудырған ҚР ІІМ әскери-тергеу басқармасының қызметкерлерін ұстады. Ұсталғандардың арасында ҚР ІІМ Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының бастығы, полковник Джавгашев Мұхит болды,-делінген EGOV.PRESS Telegram арнасында.
Бұл мәліметті ҰҚК растап, аталған жағдайға қатысы пікір білдірді. Қылмыстық кодекстің 366-бабына сәйкес «пара алу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.
Мемлекеттік сатып алу сайтында басқарманы Мұхит Джавгашев басқарады деп көрсетілген. Басқарма бастығымен бірге, бұл іске қатысты ұйымның тағы бір қызметкері ұсталды. Алайда оның аты-жөні айтылмады.
Осыған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Орал сотының төрағасы Руслан Жұмағұловқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растаған еді.