Бір жылдан бері қазақстандықтардың қолында 80 млн болатын жалған банкнот айналымда болған

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Жалған банкнота жасаумен және сатумен айналысқан 8 адам сотталды / Фото: kursiv.media архиві

Өткен жылдан бері қазақстандықтардың қолында 2 мыңға жуық жалған банкнот айналымда болған. Олардың жалпы сомасы 80 миллион теңгеден асып жығылады. Бұл жайында Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

Агенттіктің мәлімдеуінше, әлеуметтік желіде азаматтар шынайы ақшаны жалған немесе сувенирлік ақшамен шатастыратын видео тараған.

«Бұл бейнероликтер адамдар тиісті назар аудармай, шынайы ақшаны жалған немесе сувенирлік ақшадан ажырата алмайтынын және заңсыз операцияларға қатысу сияқты жағымсыз салдарға әкеп соғатынын көрсетеді», – деп  түсіндірді агенттік өкілдері.

Жалпы 2024 жылдың басынан бастап Қазақстан аумағында айналымнан 2 мыңға жуық жалған банкнот алынған. Агенттік осының өзі қаржылық тұрақтылыққа елеулі қауіп төндіргенін мәлімдейді.  Жалпы алынған жалған ақшалардың сомасы 80 миллион теңгеден асқан.

Айналымда жүрген, қолдан жасалған осындай банкноттарды жасаумен және сатумен айналысқан 8 адам сотталды. Олар 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Қаржы мониторингі агенттігі азаматтарды сақ болуға шақырды.

«Мұндай жағдайларды болдырмау үшін ақшалай операциялар кезінде банкноталарды тексеріңіз. Ақша қағазының сапасына, қорғаныш элементтеріне (мөртаңбасы, микроэлементтер, белгілі бір жарықта көрінетін белгілері) және текстура мен шрифтіне назар аударыңыз», – делінген хабарламда.

2024 жылы қараша айында ҚМА бір жыл ішінде тәркіленген жалған банкноттардың жалпы сомасы 43 миллион теңгеден асатынын мәлімдеген еді.  

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық банк 2011 жылғы және 2023 жылғы өзгертілген дизайндағы 5 мың теңгелік банкноттардың айналымда қатар жүру мерзімін 2025 жылдың 24 қыркүйегіне дейін ұзартты.

Сондай-ақ оқыңыз