Жаңалықтар

Ұлтаралық алауыздық тудырған ақмолалық 3 жарым жылға сотталды

Таразда 12 жасар қызды зорлау бойынша іс сотқа жіберілді
Ұлтаралық алауыздық тудырған ақмолалық 3 жарым жылға сотталды / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Чат рулетка» онлайн платформасында ұлтаралық алауыздық тудырды деген күдікке ілінген ақмолалық азамат 3 жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады. 

Ұлтаралық алауыздықты қоздырды деген Ақмола облысы Астрахан ауданының тұрғынына қатысты сот процесі ашық өткен. Ол 2024 жылдың жазында мас күйде платформаға кіріп, белгілі бір ұлттың өкілдеріне қатысты балағат сөздер айтып қорлаған. Прокуратура нақты қай ұлтқа қатысты балағат сөздер айтылғаны туралы нақтыламаған.

«Сараптама сөйлеуде ұлтаралық араздықпен алауыздық белгілерінің бар екенін растап, айтылған сөздердің басқа ұлт өкілдеріне қатысты қорлайтын сипатқа ие екенін анықтады», – делінген прокуратура хабарламасында.

Сот айыпталушыны 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған. Үкім заңды күшіне енген.

Айта кетейік, 2024 жылы қараша айында Қазақстан территориясының тұтастығына күмән келтірген Петропавл қаласының екі тұрғыны сепаратизм үшін түрмеге қамалған.