Театр – рухани демалыс сыйлайтын өнер ордасы. Бұл жерде адамның миы тынығып қоймай, залда отырып шабытың ашылып, түрлі идея келетіні де бар. Сахна, декорация, артистердің дәл қазір өнер көрсетіп жатқаны – расында, керемет. Сондықтан да театрды ұлы өнер десе керек. Елімізде бұл өнер өте жақсы дамыған десек артық айтқанымыз емес. Әр өңірде қос-қостан театр бар, ал олардың шығармашылық ұжымы күнде дерлік көреремін қуантады. Ал алдағы аптада қандай қойылымдарға баруға болатынын бүгінгі материалдан біле аласыз.
«Абай-Тоғжан» қойылымы – Музыкалық жас көрермен театры
14 қаңтар, Астана қаласы
Адамзат тарихындағы біртуар тұлғалардың болмыс-бітіміндегі жасампаз рух балалық шақтан бастау алады. Жас ұрпақтың дүние танымына, жан дүниесіне, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасына Абай ғұмырының бозбала кезеңі арқау болды.
Жас Абайдың жүрегінде оянған алғашқы махаббаты, көкірегінде туған тұңғыш жыры әуезді әнге айналып, ішкі сезім-тебіреністерін аласапыран күйге салады. Тоғжанға деген іңкәр сезімі өмірге деген құштарлыққа ұласып, Абайдың адамзатқа деген асқақ махаббатының темірқазығына айналды. Құнанбайдай әкенің тағылымы, Ұлжандай ананың өнегесі, қоршаған ортаның тылсым сыры, ғашықтықтың ғаламаты, дос пен бауырдың қадірі жас көрерменнің жанына рухани ләззат сыйлап, санасына көркем көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді. Абай поэзиясындағы ойлы жырлар мен есті әндер орындалатын қойылымда ұлттымыздың құндылықтары сахна биігіне көтеріледі. Халықтық сана, ұлттық тәрбие, бабалар дәстүрі, ұлы дала ұлағаты – ғашық Абайдың жан сүзгісінен өтіп, жас суреткерді «Сүйесің жүрек, күйесің» деген ұғымдарына қарай жетелей береді. Жас Абайдың әлемі – көрерменге «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» екенін ұқтырады.
Ал дәл осындай керемет қойылымды жас та болса, көрермен жүрегінінен орын тауып, көптің сүйіктісіне айналып үлгерген ұжым сахналайды. Ол – астаналық Музыкалық жас көрермен театрының талантты жастары.
Абайдың рөлін бірде «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері» Аян Өтепберген, енді бірде Аман Ғұмаров, Дінислам Нұрмағанбетов, Дидар Төлеген
сомдайды. Ал Тоғжанның кейпінде жұрт сахнадан Арелана Амангелдиева, Диана Асқар мен Жансұлу Төлегенованы көріп те үйреніп қалды. Алғаш рет қойылым 2020 жыдғы 14 желтоқсанда сахналанды. Содан бері театрдың тұрақты көрермені дәл осы қойылымды түрлі құраммен көргеніне сенімдіміз. Алайда театрдың шын көрермені бір қойылымды қайталап көруден еш жалыққан емес. Әр көргенде жаңа дүние алып қайтатының рас. Театрдың тылсымы да сол шығар.
Сондықтан елордалық көрермен, әр қойылымы аншлагпен өтетін театрға билет алуға асығыңыз. Кеш сағат 19:00-де басталады. Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.
«ŞAM» театрының «№37» спектаклі
14, 15 қаңтар, Алматы қаласы
Бұл – жалған құндылықтары бар жасанды адамдардың, әрқайсысы өз ішіндегісін айтып, шындыққа ұмтылғанымен, ешкім ешкімді естімейтін бір-біріне жат туыстардың драмасы.
Бастарына қайғы орнаған жақын адамдар он бес жылдан соң алдарына келіп тұрған жолаушының – ақымақ диуана ма, әлде өмірге қайта келіп, мәнін тапқан саяхатшы ма, яки жай ғана қорқақ жексұрын ба, кім екенін түсінуге тырысады.
Осылайша, Якубовтар отбасының әдеттегі өмір салты күрт бұзылады. Кім кінәлі? Кім құрбан? Расул ма? Әнуар ма? Екі оттың арасында қалған Зейнеп пе кінәлі? Спектакль отбасы құндылықтары, адамды адам түсінбеу, ақиқат пен жалған, өтірік пен шындық араласқан ішкі психологиялық тартыстарға құрылған.
Қоюшы режиссеры – Фархат Молдағали. Актерлық құрам да керемет, Расулды Еркебұлан Дайыров, Ануарды Асан Мажит, Зейнептің рөлін Зарина Кармен, Бахтиярды Сағызбай Қарабалин, Әлияны Тынышкүл Сұлтанбердиева сомдайды.
Ерекше сюжет, өзгеше режиссура, талантты актерлар – «№37» спектаклінің жетістік формуласы осы. Содан да болса керек, 2022 жылы премьерасы болғалы аталмыш қойылымға көрермен ағылып барады. Барғандар ауыз толтырып мақтау айтып жүреді.
Сіз де көп танысыңыздан естіп, қойылымға көптен барғыңыз кеп жүрсе, қапы қалмаңыз. Шығармашылық топ «№37» спектаклін бұл жолы екі күн қатарынан қояды.
14, 15 қаңтар күндері сағат 20:00-де «Жас сахна» театрының үлкен залына жол тартыңыз. Алдымен билет алып үлгеріңіз, ол үшін Ticketon.kz сайтына өтіңіз.
«Жәннат» спектаклі – Атырау қалалық Махамбет атындағы драма театры
16 қаңтар, Атырау қаласы
Атыраулық көрерменге арнап Махамбет атындағы драма театры ұжымы алдағы аптада «Жәннәт» спектаклін сахналамақ. Қойылымда бір отбасының арқасүйер азаматы көз жұмып, содан кейінгі ананың және балаларының өмірі жөніндегі оқиғасы көрсетіледі.
Әдетте бұл қойылымды көрген көрермен көзіне жас алып, залдан ерекше әсерленіп шығады. Сіз де осы ерекше қойылымның куәсі болыңыз.
Қойылымда атыраулық көрермен жақсы танитын талантты актерлар өнер көрсетеді: Ана – Гүлнұр Қайырлиева, Гаухар – Әйгерім Силықова, Інжу – Лашын Нүркенқызы, Маржан – Альбина Қалиева, Сүйініш – Жасұлан Қайров, Қанағат – Қуанышбек Хайруллин, Жұбаныш – Бисенбек Мажитов, Имам – Сәкен Шынтеміров, келін – Нұрай Рахманова, Сүйініштің достары – Дарын Әмірхан, Бекзат Төлепов.
Ұжым сізді 16 қаңтар күні сағат 19:00-де күтеді. Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.
«Шәмші» спектакль-концерті – Жүсіпбек Аймауытов атындағы театр
17 қаңтар, Павлодар қаласы
«Шәмші» спектакль-концерті – сазгердің халық аузынан түспейтін, классикаға айналған шығармалары қалай дүниеге келді деген сұраққа жауап береді. Солтүстік өңірдің шығармашылық ұжымы көрермен қазақ вальсінің королін жақынырақ таныстырып, қазақ ән өнерін дәріптеуге үлес қосуды мақсат етіп отыр.
Мың ғасырда бір туатын Шәмші мен Шабыт. Олардың тек екеуара ғана түсінетін әлемі бар. Шәмшінің ішкі сыры әрбір жүректі толғайды. Анасының әлдиіне уынған тау тұлға, есейе келе ғашығы – Сағыныштың сазына қанығып, махаббат жайлы сыр шертеді. Оның жүрегін тулатқан толқын сезім ән боп төгіледі, жыр боп қазақ даласын тербейді, әуен болып әр тыңдарманның жүрегіне жетеді. Талантты тұлға осылайша мәңгілік әуендерді мұраға қалдырды.
Ән әлемінің майталманы, вальс королі, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен өнері, жетістігі мен жеңілісі, махаббаты мен ғадауаты сипатталған сахналық туындыны көруге асығыңыз. Күллі қазақ Шәмшінің барлық әнін жатқа біледі дегенге күмән жоқ. Ендеше сүйікті әндеріңізді қосыла шырқап, тамаша қойылымның куәсі болып қайтыңыз.
Кеш Павлодар қаласындағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театрында өтеді. Басталуы сағат 18:00-де.
Билеттерді Ticketon.kz сайты арқылы сатып ала аласыз.
«ШАҢЫРАҚ» эксперименталды-музыкалық қойылымы – «Astana Musical» театры
19 қаңтар, Астана қаласы
Эксперименталлды-муызкалық қойылым дегеннің өзі таңсық болып тұрған болар. Расымен, бұл – театр өнерінің жаңа қырын ашатын таңғажайып тәжірибе.
«Шаңырақ» перформансының ерекшелігі неде?
Қойылымның негізгі идеясы бірліктің және үйлесімділіктің символына айналған киіз үйдің айналасында адамзат өмірінің мәңгілік циклдарын суреттейтін терең әрі әсерлі тарих бейнеленеді.
Ал көрермен бұл қойылымды сырттан бақылап қоймай, оның белсенді бір қатысушысына айналады. Ұжым ерекше қойылымға қызу дайындалып жатыр. Ерекше перформанстың сюжеті де басқаша: уақыт пен кеңістік өзінің үйреншікті шекарасынан шығып, Күз, Қыс, Көктем және Жаз атаулы кейіпкерлер арқылы өмір, жүйе және маусымдардың ауысуы сынды мәңгілік тақырыптарды қаузайды.
Көрермен бұл қойылымнан керемет эмоция аларына сенімдіміз, себебі ұйымдастырушылар бұл күні көрермен үшін терең ариялар, үйлесімді дуэттер, трио және хор партиялары болатынын, арнайы музыкалық композициялар болатынын айтып отыр. Сонымен қатар ғажайып хореография мен сахналық безендіру де көрерменді таңғажайып әлемге баурап әкетеді.
Қоюшы режиссер – театрдың көркемдік жетекшісі, PhD докторы Еслям Нұртазин, композитор – Болатбек Нұрқасымов, драматург және либретто авторы – Әннас Бағдат, режиссер-хореограф – Асель Абакаева.
Бұл перформанс көрермен мен сахнаның арасындағы шекараларды жойып, адам жанының шексіз кеңістігіне саяхат жасауға шақырады! Тамаша кештің кусә болып, ерекше эмоцияға бөленуге асығыңыз. Ол үшін ең әуелі Ticketon.kz сайтына кіріп билет алып қойыңыз. Астанадағы Орталық концерт залында өтеді. Басталуы сағат 18:00-де.